«Серпер» оқырманына сенеді

(0 Votes)

Тоқсан жылға таяу тарихы бар «Серпер» қай кезде де қалың бұқараның үні мен тілі, көзі мен құлағы міндетін қапысыз орындап келген мерзімдік басылым.

Оның сарытап болған жылдардағы сарғайған парақтарына үңіліп көрсең сол заманның лебін, соған сай көп ұлтты аудан тұрғындарының тыныс – тіршілігін, ұсыныс – пікірлерін, оза шапқандары мен көлеңкелі тұстарын анық аңғаруға болады.

Алдағы қоңыраулатып жетер қыркүйек айында Құрманғазы ауданы өзінің 90 жасқа толу мерейтойын атап өткелі қамданыс үстінде. Толғауы тоқсан тіршілікте тоқсан деген жастың артында жабырқап та, жадырап та еске алуға тұратын ұлан-ғайыр ғұмыр дария толқындап ағып жатыр. Бабалар ізінің сорабы, одан бергі ата – аналарымыз жүріп өткен жеңіл емес жол шиыры санаңа сезіледі. Ал, екі-ақ жылсыз тоқсандағы «Серперде» сол өткен күрделі жол кешудің күбірлеп айтар сыры, хатталған тарихы да. Демек, көпұлтты аудан жұртының жоғалмай келген жылнамасы, шындығы болып айқара ашылған есігі де. Өнерлі өлкенің өткеніне ниеті ауған кім де болмасын қажетін «Серпердің» тарих қойнауында әлде қашаннан сақталған сарғайған сандарынан тапқанына талай рет куә болғанымыз бар.

Заманның екілене соққан қандай бұрқасынды сәттерінде де «Серпер» өз оқырмандарының қолына тиіп тұрды. Міне, көрдіңіз бе, құрманғазылық елжанды үлкен – кіші рухани кедейшілік қамытын кимеуді алдымен ойлаған. Сол үшін де, сол биік көңіл, асқақ мұраттары үшін де олардың алдында бас киіміңді қолыңа алып тағзым құрметін жасау жарасып-ақ тұрады.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында бұқараның осындай биік еңсе көңіл – күйін сезінген «Серпердің» азын – аулақ қызметкерлері қандай қиындықтарды бастан кешірсе де өзге бір саладан жұмақ іздемеді. Қайтсе де қолдаған көпшіліктің қолына « Серперлерін» уақтылы, сапалы, барынша мазмұнын мұнарламай таза күйінде жеткізуге жұмыла кірісті. Айлап жалақы қолға тимесе де төзімдерін жұқартпай тың ұстады. Суреттерді «клише» арқылы шығаратын ол кезде пленка, сурет қағазы, пленка химикаттары, қорғасын пластина бәрі хат болып кетті. «ЭГА» аталатын аппарат істен шықты. Ескі автокөліктің бір жағына қисайып барып тоқтағаны – ақтық демінің үзілгені екен. Амал жоқ, «Атырауға» барып «Ақ Жайық» ЖШС – і баспаханасына бастырған бума – бума «Серперді» ұятты қойып ұннан босаған қапшыққа сықита салып, иыққа артып «Дина» базарына тура тартасың. Одан таксишімен ар–зорға келісіп, «ух» деп деміңді терең тыныстап бір алып, «Құрманғазым қайдасың» – деп ауылға жетіп, поштаға өткізесің. Редактор – корректоры жоқ, азын – аулақ қызметкерлер осы кепті кезектесіп бірдей бастан кешірдік. Әсіресе, жауын–шашынды, аязды – бұрқасынды күндері көп қиналатынбыз. Әр саланың өзіне тән шектірер бейнеті бар. Сол күндердің ауыр салмағын мойымай көтерген әріптестерім Мадат Сәрсекеевті, Нұрым Ерғалиевты, Айбек Нажимовты, Абат Сисенәлиевті, Асанәлі Ғұмаровты, Ақмарал Оразғалиеваны, «Серпердің» нағыз қаһармандары, төріне лайықты ардагерлері деп ширек ғасыр ыстық – суыққа бірдей төзген басшысы ретінде аста – төк көңілмен, асқақ дауыспен айтып, тарих жылнамасына солай деп өткіземін.

«Серпердің» басындағы жағдай бүгіндері мүлде басқаша. Заман, ахуал, талап өзгерген. Тәуелсіздік жемісі жеңісті жолдарға жетелеуде. Бас кәсіпорны – «Атырау – Ақпарат» ЖШС бар қажеттерімен қамтамасыз ету үстінде. Орынды жауапкершілік те сұралынады. «Серпердің» әр ай сайынғы санында 47 мемлекеттік тапсырыс бойынша тақырыптар қамтылуы тиіс болса, шүкір, қарыздар болмай келеміз. Жарнамалық – ақылы қызмет те уақыт талабы. Өзіңді – өзің асырауға немесе соған септесуге тиіссің. Бұл мәселе де біркелкі жаман емес.

Оқырман хаттары кейбір әріптес ауданның газеттерінде азырақ екендігі айтылса, біз де шамадан тыс көптігі мүмкіндік бермей жатады. Аға буынға кезінде өз қатарлары : «Қолдарына қаламын ұстап туған теңіздіктер» - деп әзілдесе, астарында шындық қылаң бергендей. Жазатын да, жазбайтын да дүниелер бар. Кейбір жеке адамдар өнжеусіз нәрсені езгілеп келіп отырса, ат үстінде жүрген бірқатар азаматтар өзін көрсетіп қалуға әуес, ол үшін өзі емес, сен ұяласың! Күнделікті айлық табысын алып атқаруға тиіс міндетті жұмысын «шығара гөр» деп жалынатындарымыз бар. Ал, мемлекет саясаты бойынша газет бетінде сөйлейтіндер тым аз. Жазса да ішінде түйірі жоқ аннан – мыннан көшіргендерін эл. поштаға жібере салып, сосын «бастығымыз сұрап еді» - деп жалынышты күйге түседі. Дәрігерлік, Әділет, Құқық қорғау, т.б. сала қызметкерлерінен көшірме, бірақ соңына өз есімдерін қонжитқан шалажансар, жергілікті жерден ішінде бір ауыз сөз жоқ мақаласымақтар алдыңды жиі табады. Үстіміздегі жылдың өткен 5 ай мерзімі ішінде редакцияға 472 хат келіп тіркелсе, олардың 435 -нің кеудесіне жан салып, тірілтіп жарық дүниеге шығарыппыз.

Ананы – мынаны жаздық деп мақтанбағанымызбен бірқатар айдарлар, арнаулы беттер оқырман көңілінен шығып жүргенін айта кеткеннің артығы болмас. Олар: «Бәйтерек», «Көкейкесті», «Еңбек қоғамына қарай – 20 қадам», «Ақпарат», «Хаттар сыры», «Руханият», «Мал өсірсең...», «Жастар және экология», «Игі тілек», «Түрлі тақырып», «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама», «Қазақстан – достықтың мекені», «Аудан тынысы», «Қоғам және қауіпсіздік», «Қазақстан – 2050», «Жолдау – Болашақтың бағдары», «Адам.Қоғам.Заң», тағы басқалары.

Осы және басқа тақырыптар аясындағы ізденісі «Серпер» редакциясы ұжымын бірқатар нәтижелерге де жеткізе алды. Айталық, 2008 жылы «Атырау – Ақпараттың» сапа және менеджмент бөлімі арқылы іс – тәжірибесі кітапша болып бастырылып, облыс көлеміндегі ақпарат құралдарына, қатысты оқу орындарына таратылды. Атырау университеті журналистика бөлімінің студенттері арасынан «Тәуелсіздік жылдарындағы «Серпер» газеті» тақырыбында диплом жұмысын қорғаған студенттер де бар. Газеттің Қанат Ғұмаров, Айбек Нажимов, Айнагүл Шакупова, Гүлхат Сәрсекеева сияқты журналистері мен қызметкерлері өз саласында талай мәрте үздіктер атанды. Бойымызға өнегесін сіңіріп, талабымызды өрлеу жолына салған атышулы редакторымыз Тұрар Құрманғалиевтың, бесаспап журналистер Қисым Ғұмаровтың, Құрыш Елемесовтің, Сәбит Қасымовтың, Рахмет Иманғалиевтың, Идаят Әміғалиевтың, корректор ағамыз Сәбит Есенғұловтың, кезінде облыстың «Үздік журналисі» атанған қаламдасымыз Уәлитхан Сәрсеновтің, хатшы – машинистка Химия Қабдолованың, тазалықшы – курьер Сақыпжамал Сидеғалиеваның, баспахана қызметкерлері Мәрия Молдағалиева, Назиға Күнетованың және басқа марқұм қызметтестеріміздің жан рухтарына мәңгілік тағзым!

«Серпер» облыс өңіріндегі таралымы жөнінен де алдыңғы орында жүрген мерзімдік басылым болса, әрине, оның солай болуы үшін аудан әкімінің, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарының, аудандық ішкі саясат бөлімінің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, ауданның 19 ауылдық округі әкімінің атқарып отырған зор ұйымдастыру жұмыстары және белсенділігі мен беделінің арқасы деп астын сызып, айрықша құрметпен айту –адами борышымыз. Соңғы жылдары Құрманғазы ауданы жалпы мерзімдік басылымдарға жазылудан облыс бойынша тек алдан ғана көрінсе, бұл жоғарыда тұспалдап айтқан билік өкілдері мен бөлім басшыларының, округ әкімдерінің ел – жұрт арасындағы бес батпан беделдерінің арқасы. Әрине, округ әкімдері арасында нәтиже түрлі – түрлі екендігі айтпаса да түсінікті. Мерекелі күні әріптестеріміздің бірісін – былай, екіншісін – олай демей-ақ, баршасына мемлекеттік қызметте биік абырой, отбасы, жеке басы амандығын тілей келе, әр басқан қадамдарыңызға Алланың нұры жаусын демекпіз!

Аттарын атамай -ақ «Серпердің» бүгінгі ұжымына, ардагер қаламгерлеріне, штаттан тыс авторларына, әрине мың-сан оқырмандарына, баянды бақ, берекелі тірлік, мызғымас бірлік, отбасы қуанышын, Тәуелсіздік игіліктерін молынан көруді тілейміз! «Серпер» қашанда оқырмандарымен, қолдаушыларымен аудан намысын бірге жыртысып, келер күндердің ақ – қарасына әділ сөзін арнай бермек.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

«Серпердің» ширек ғасырдан Бас редакторы,

Қазақстанның «Құрметті журналисі».

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521