«Серперім – мақтанышым!» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының төл басылымы «Серпер» қоғамдық-саяси газетіне 90 жыл толуына орай, газет ұжымы және аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Серперім – мақтанышым!» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтетінін хабарлаймыз.

Жас таланттарды қолдап, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отырған жыр сайысына 14-29 жас аралығындағы дарын иелері қатысып, өз бағын сынауына мүмкіндігі бар.

Аудандық мүшәйра 3 бөлімнен тұрады:

І бөлімде «Серперім – мақтанышым!» тақырыбында қатысушылар ғасырға жуық тарихы бар басылымның рухани мән-маңызын, халық көкейіндегі түйткілді мәселелерді қозғаудағы айрықша орнын, осы газетте қызмет етіп, тыңнан түрен салған тұлғалар есімін арқау еткен өлеңін оқиды.

II бөлімде «Құрманғазым – құт мекенім» тақырыбы аясында бауырынан елге еңбегі елеулі саңлақтарды түлеткен, табиғаты көз сүйсінтер киелі Құрманғазы өлкесі туралы жазылған өлеңін оқуы қажет.

Ш «Шын жүйрікке тұсау жоқ» бөлімінде үміткерлер жеребе суыру арқылы берілген тақырыпқа 5 минут ішінде 8 жолдан кем емес өлең жазуы тиіс.

Байқауды бағалау критерийлері:

- шығарма идеясы және компазициялық тұтастығының болуы;

- әдеби тілінің байлығы;

- тақырыпты дұрыс аша білуі;

- сахнада өзін ұстау мәдениеті.

Мүшәйраға қатысу үшін 2-14-78 немесе 8-702-575-86-47 телефон нөміріне хабарласып, 22 қыркүйекке дейін тіркелу керек.

Жыр сайысы С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде (Құрманғазы ауылы, Абай көшесі, 50 үй) 23 қыркүйек күні сағат: 15.00-де өтеді.

Өнерімен дараланып, қазылар алқасынан жоғары бағасын алған жүлдегерлер арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Ендеше, жазуға жаны құмар жас дарындарды жыр аламанында асыға күтеміз!

Редакция

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT