Серпер күзде 90 жылдығын атап өтеді

(0 Votes)

Жиырма бірінші ғасырдың жиырмасыншы көктемі әлем бойынша біраз ауыртпалықтар әкеліп отыр.

Бұрын болмаған індеттің таралуы мемлекеттерді одан сақтану үшін етек-жеңін қымтауға мәжбүр етті. Өзге елдер сияқты Қазақстан да өз азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатымен төтенше жағдай жариялап, карантиндік шаралар енгізіп, қарым-қатынасқа шектеулер қойды. Әрине, мұның бәрі өтпелі қиындықтар, бірлігіміз берік болса одан еңсемізді түсірмей шығамыз. Жақында ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен күрестің алдыңғы шебінде медицина, құқық қорғау, әскери сала қызметкерлермен бірге журналистердің де жүргенін атап өтіп, ризашылығын білдірді. Бетперделерін тағып алған аудандық «Серпер» газетінің журналистері де осы бағытта атқарылып жатырған шаралардың басы-қасында болып, дер кезінде өз оқырмандарына жеткізуде. Алға қарай да аудан көлеміндегі барлық жаңалықтардан кең көлемде хабардар болғыңыз келсе «Серперге» жазылуды ұмытпаңыз, оқырман.

«Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын», дейді дана халқымыз, басты мекемеміз «Атырау-Ақпарат» ЖШС журналистеріміз тиісті дәрежеде жұмыс жасауы үшін барлық мүмкіндікті туғызып отыр. Газеттің жылдан-жылға дизайны, сапасы жақсара түсуде. Қазір ортасында да түрлі-түсті беттері бар. Бұл да серіктестіктің қолдауының нәтижесі. Құттықтаулар, еске алулар, хабарландырулар үзбей берілуде.Тағы бір айта кетер жайт биыл күзде Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетіне 90 жыл толады. Жаңадан тағайындалған бас редакторымыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айнагүл Күнұзаққызы Шакупова ауданға танымал білікті журналист, өзіндік жазу стилі қалыптасқан қаламгер, жақсы басшы, шебер ұйымдастырушы. «Жас келсе іске», дегендей Айнагүл әріптесіміздің «Серпердің» 90 жылдығына орай жүлделер тағайындап спорттық жарыс, жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы және басқа да шараларды өткізсем, басылымды тартымды, халық көңілінен шығатын ете түссем деген өзіндік жоспарлары бар. Олар енді алдағы күндердің еншісінде. Жоғары басшылығымыз бен жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен келісім негізінде жүзеге асырылады деген ойдамыз. Алда тамылжыған жаздың үш айы бар ғой. Бұл жайлы Айнагүлдің өзі кеңірек айта жатар. Тоқсан жылдығымыз онлайн түрде өтсе де аталмай қалмасы анық.

Менің айтқым келгені «Серперге» жазылуды биыл да өз дәрежесінде ұйымдастыру. Бұл енді сіздерге байланысты қадірменді оқырман! Уақыт пойызы зулап өтіп барады. Маусымға дейін мініп үлгермесек кеш қаламыз. Осыған дейін біз облыс бойынша аудандық газеттер арасында таралымы жағынан көш бастап келдік. Мұны ең бірінші сіздердің қолдауларыңыздың арқасы деп білеміз. Өздеріңіздей оқырмандарымыз, газет жанашырлары барын мақтан тұтамыз. Айтып та жүреміз. «Құрманғазының халқы жақсы ғой, интелегенттер», дегенді естіп те жатырмыз. Біздің отбасымыз сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыртпалығы мол кездерде де аудандық газетке жазылудан қол үзген жоқ. Айлап зейнетақы, жалақы берілмей жатса да, газет үйімізге келіп тұрды. Бүгінде де осы дәстүрге адал болып, аудандағы жалғыз басылымды үзбей жаздыртып келе жатырған отбасылары аз емес. Бірінші кезекте соларға шын жүректен шыққан алғысымызды білдіреміз. Сіздерге Алланың нұры жаусын! Олардың көшбасында өмір бойы «Серперді» жаздыртып алып оқып келе жатқан, газетіміздің құрдасы Ниғымет Жанқанов ағамыз тұрғанын ерекше атап өткенді жөн санаймын. Қиын кезде де сіздер бізбен бірге болады деген сенімдеміз.

Ауданда басшылық қызметте жүрген азаматтар да әрдайым «Серперге» қолдау білдіріп отырды. Өзге аудандарға барғанда әріптестерімізден: «Сіздердегі мемлекеттік қызметкерлер жақсы, қарапайым, адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Соған қызығамыз», деп жатқанын естіп, көңіліміз марқаяды. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы, орынбасарлары, бөлім басшылары мен округ әкімдері қажет кезде керекті мәліметтерді сөзге келмей беріп жатады. Бұл баспасөздің билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір екенін дұрыс бағалай білгендіктің бір көрінісі. Біз де өз тарапымыздан салалар бойынша берілген материалдарды уақтылы жариялаймыз. Бас редакторымыз Айнагүл Күнұзаққызы қазіргідей төтенше жағдай уақытында аса маңызды ақпараттарды дер кезінде беруді үнемі назарда ұстайды. Сайтты да шебер қолданады. Ондай ақпараттардың ішінде карантиндік шектеулер, 42500 теңге төлем және т.б. бар.

Өткен жылы таралымымыз 6600-ден асып, мерейіміз көкке шарықтады. Бұл үш округтің бірнеше жүз данаға жазылуына қаржылай көмектескен «Төбеарал Ойл» ЖШС директоры Нұрлыбек Хамитов пен Мерген Байболов ағамыздың, ұжымын түгел жаздырып қоюмен шектелмей өзгелерге де демеушілік жасаудан тартынбайтын жеке кәсіпкерлер Бержан Кенжебаевтың, Жұмажан Шакуповтың, Нұрлан Хұсайыновтың, Еркінбек Халеновтің, өз қаражаттарымен аз қамтылған отбасын «Серперге» жаздырған Ұлан Иманғалидың (биыл да қайталап отыр) және басқа да газет жанашырларының қолдауының нәтижесі. Олар біздің арқа сүйер тірегіміз, биыл да қол ұшын беруден тартынбайды деген ойдамыз.

Көп нәрсе баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыруға да байланысты ғой. Бұрын бұл жағынан Еңбекші ауылдық округінің әкімі болғанда Қанат Айтжанұлы ағамыз алдына жан салмайтын. Жазылудың королі сияқты көрінетін. Көлеңкесіндей болып артынан қалмай екінші орында үнемі Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақбанов ағамыз келе жататын. Үшінші болып Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев (бүгінде зейнетте) көрінетін. Қанат ағамыз зейнеткерлікке кеткеннен кейін Бауыржан ағамыз бірінші орынды өзі еншілемек ойда. Онысын құптаймыз. Естуімізше қазір болжамнан шығуға жақын. Бұл кісінің ізін кім өкшелер екен?! Кейбір округтерге хабарлассақ: «Бір «Серперден» шығамыз ғой. Жазылуды бастап жатырмыз», деп көңілімізді сергітіп тастайды. Округ әкімдері сөздеріне тұратынын жылда да дәлелдеп жүр. Биыл да сенімге селкеу түсірмес. Олар ондай уәдені жергілікті жердегі оқырмандарымыздың қолдауына сүйеніп айтатыны анық. Ондай оқырмандарымыздың алдыңғы легінде ардагерлеріміз, ұстаздарымыз, жастар жүреді.

Жастарымыз бен кәсіпкерлеріміз «Серпердің» 90 жылдығына орай «Біз «Серпермен» біргеміз», деген акция ұйымдастырып, жазылғысы келсе де жағдайы тартпай отырған аз қамтылған отбасыларына демеушілік жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Елдің бәрі бірдей ұялы телефонмен сайттарға кіре бермейді (смартфон емес әлі «кірпіш» телефон ұстап жүргендер де бар), көбі рухани азық – ақпаратты газет бетінен оқиды. Қорыта келгенде айтарым «Туған ай тураған етпен бірдей», деп текке айтылмаған, «Серперге» жазылуға асығайық ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521