«Serper» 2023 жылды 5726 дана таралыммен бастады

(0 Votes)

Бұл – әріптес аудандардың ең алдыңғы сапында тұрғанымызды айқындайтын айрықша көрініс.

Иә, кейбір салалардың өзіне тән науқаны болады. Мысалы, дихан  өсірген өнімін жинап алу үшін күзде бар күшін салады. Шопанға  көктемдегі  төл алу бәрінен жоғары тұрады. Балықшы көктем мен күзде берілген лимитті орындап шығуды ойлайды. Бәрі де осы мақсаттар үшін тынбай жұмыстанады. Сол сияқты  жылда екі рет келетін баспасөзге жазылу науқанының біз үшін орны бөлек. Себебі, оның газет тағдырына әсері зор.  

Тоқсан жылдан астам тарихы бар ауданымыздың төл басылымы «Serper» газеті мерзімді баспасөзге жазылуда әрдайым алда жүр. Таралымымыз  жағынан облыстық  «Атырау» қоғамдық-саяси газетімен шамаласпыз. Мұнда бізді қолдап отыратын көзі ашық, көкірегі ояу,  түйсігі терең оқырмандарымыздың рөлі зор екенін атап айтқым келеді. Оқырмансыз газет – тұл. Қазаққа Құрманғазы мен Дина, Әбу мен Хиуаз, Жұмекен мен Рахымжанды берген қасиетті топырақтың тұрғындары – құрманғазылықтар  біз үшін маңызды науқан кезінде сырттап қалмайды. Басшысы да, қосшысы да оны орындауға атсалысады. Осының өзі – бізге үлкен демеу. Өйткені, мерзімді баспасөзге жазылу –  көппен бітетін үлкен шаруа. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз текке айтпаған. Биыл мекемелерден аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Мусина мен аудандық оқушылар үйінің директоры Мейрамгүл Шекетасова басқарған ұжымдар 2023 жылдың І жартыжылдығына 18 және 15 дана «Serper»-ге жазылып, алғашқы болып көш бастады. Ал, округтерден Шортанбай ауылдық округі  ең бірінші  болып болжамды орындады. Округ әкімі Мейіржан Жұмақайұлы мен округ әкімі аппаратының ұйымдастырушылық шеберлігіне тәнтіміз. Одан кейін Сафон, Бірлік ауылдық округтерінің әкімдері Роза Қамзаева, Гүлжазира Әбенова болжамнан шықты. Әрине, қазіргідей әлеуметтік желі дамып, ақпараттар ағыны қолжетімді болған шақта газетке жазылуды ұйымдастыру да жеңіл нәрсе емес. Ешкімнен де «Қалай да жазыл» деп талап ете  алмайсың. Ауыл басшысының сөзін жерге тастамай газетке жазылып жатса, бұл – қалың оқырмандарымыздың  өз әкіміне деген құрметінің, аудан айнасына деген сүйіспеншілігінің белгісі. Шалғайда жатқан Азғыр өңіріндегі үш округте «Serper»-ге жазылу болжамын орындап отыр.    

Аз қамтылған отбасыларын аудан айнасына жаздыруға демеушілік жасаған кәсіпкерлеріміздің  көмегін де атап айтпасқа болмайды. Телефон соғып шыға қалсақ, меселімізді қайтарған кезі болған жоқ. Сол бойда-ақ, көмек қолын созды. Жеке кәсіпкерлерден Нұрлан Хұсайынов («Сұңқар» ЖШС), Нұрлыбек Хамитов («Төбеаралойл» ЖШС, Бержан Кенжебаев, Еркінбек Халуов, Жасқайрат Тәжібаев, Ақылбек Қайсағалиев, Самат Айдарәлиев, Мирғали Ғабдушев, Нұрлан Қабдолов, Бақтылы Махмудова, Бекес Сәрсенғалиев, Роман Рахимовке айтар алғысымыз шексіз. Округтерде де демеушілік танытқандар болғаны округ әкімдерінің бізге жолдаған  жеделхаттарында айтылды. Жеделхаттар газетімізде жарияланып, оқырман назарына ұсынылды. Сол сияқты 2016-2019 жылдары ауданымызда әкім болған, бүгінде Атырау қаласында тұратын Бибоз Шаяхметов ағамыз аз қамтылған 10 отбасын  аудан айнасына 1 жылға жаздырды. «Serper»-ге жазылуды өз дәрежесінде ұйымдастырған  ауданымыздағы 19 округтің әкімдері Мейіржан Ғұмаров, Роза Қамзаева, Гүлжазира Абенова, Марина Жүнісова, Бауыржан Қадыров, Жасқайрат Хамзин, Жандос Бектеміров, Мұрабек Мұғалім, Әлімбай Әбдірахман, Сұңғат Бірәлиев, Оралбай Әзімов, Мақсат Мырзағалиев, Данияр Сабиров, Жасұлан Жаманқұлов, Қайсар Мақсотов, Жасұлан Сүндетов, Абдуррахман Муса, Жүсіп Төреғалиев, Бауыржан Нұрланұлына ризашылығымызды білдіреміз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, баспасөзге жазылу науқаны – олардың халықпен қарым-қатынасының, іскерлігі мен ұйымдыстырушылық шеберлігінің көрінісі. Соның ішінде пошта бөлімшесі жоқ Қиғаш, Асан, Теңіз, Орлы ауылдық округтеріне, бұл оңайға түспегені анық. Соған қарамастан  болжамнан шығуға қол жеткізгені қандай құрметке  де лайықты. Міне, іскерлік, ұйымдастырушылық қайда жатыр?! Басшылық  қызметте жүрген адамдарға жазылу барысын сұрап шыға қалсақ, барлығы да жақсы сөйлесіп, қажетті ақпараттарды беріп отырды. Бәріне де айтарымыз жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын, еңбектеріңіз жемісті болып, ел құрметіне бөлене беріңіздер!

5726 дана – бұл бүгінгідей заманда жақсы көрсеткіш! «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демей ме? Бірлескен жұмысымыз  береке сыйласын!  Келіп жатқан Жаңа жыл құтты болсын қадірменді оқырмандарымыз! Әр отбасына бақыт пен мол ырыс-несібе  әкелсін! «Serper» - әрқашан сіздермен бірге!

 

Айнагүл ШАКУПОВА,

Бас редактор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT