2022 жыл құтты, жаңа табыстар, жағымды жаңалықтар жылы болсын, ардақты оқырмандар!
Өздеріңіздің аудан айнасына деген құрмет, ынтызар көңілдеріңіздің арқасында бұл жылдың алғашқы 6 айын ойлаған биік меже – 5894 дана таралыммен бастағалы отырғанымызды қуанышпен хабарлағанды жөн көрдік. Бұл – әріптес аудандардың ең алдыңғы сапында тұрғанымызды айшықтайтын айрықша көрініс. Ауданның жалғыз түйір басылымына көрсетілген болжамға сай жазылуды ұйымдастыруда бізге әрдайым қолдау көрсететін аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламановаға, ауылдық округ әкімдеріне, мекеме, бөлім басшыларына, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне үлкен алғысымызды айтамыз. Әсіресе, ұжымын түгел 178 данаға жаздырған Абай атындағы жалпы орта мектептің директоры Жамал Хасановаға, қызметкерлерінің біразын жаздыруға үлес қосқан аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Света Хамзинаға, барлық ауылдық округтердегі мектептер мен балабақшалардың жазылуын қамтамасыз еткен аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға тағы да басқа өңірге қарасты ұжым басшылары мен қызметкерлеріне зор ризашылығымызды білдіреміз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бұл басшылар баспасөзге жазылу науқанының өз деңгейінде өтуіне үлкен үлес қосты, яғни, газетіміздің оқырмандарына жағдай жасады. Осы орайда, ең алдымен «Серперінен» қол үзбейтін, оның тірегіне, арқа сүйер тауына айналған қалың оқырманға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, баспасөзге жазылу көппен бітетін шаруа. Жазылу барысына бізбен бірдей жанашырлық танытып, үнемі ақпаратпен қамтамасыз еткен «Қазпошта» АҚ Құрманғазы АТПБ басшысыныңң орынбасары Айгүл Тілеуғалиеваға, пошта операторларына алғыс айтамыз.
Сонымен, «Серперге» 2022 жылдың алғашқы жарты жылына жазылу деңгейі жөнінде оқырмандарымыздың қаперіне мына мәліметтерді бермекшіміз. Бұл жазылу науқанында 19 ауылдық округ болжамды артығымен орындағанын, өз ауылдастарының аудан айнасына жазылуда қиындық көрмеуі үшін барлық жағдайды жасағанын мақтанышпен айтқымыз келеді. Әлеуметтік желінің қарыштап дамыған, жаңалықтың лезде тез жететін уақытында оқырмандарды газет жазылуға тарту оңай шаруа емес. Бірақ, осыған қарамастан «бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығарып» жазылуды жоғары деңгейде ұйымдастырған ауылдық округ әкімдеріне айтар алғысымыз шексіз. Болжамды ең бірінші болып орындап, «жас та болса, бас бола білген» Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов өзге әріптестеріне үлгі көрсетті. Берілген жоспар 190 дананы 24 данаға артық орындады.
Мәреге екінші болып Сафон ауылдық округі келді. Нәзік жанды болғанымен ел үшін еңбек етуде ерлерден кем түспейтін округ әкімі Роза Шамарқызы 200 дана болжамды 230-дан бір-ақ шығарды. Қашанда іскерлігімен көзге түсіп келетін Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев болжамды 58 данаға асыра орындады. Ақкөлге сайланған жаңа әкім Әлімбай Әбдірахман өзінің ұйымдастырушылық шеберлігін көрсетіп, 350 дана болжамды 421-ге жеткізді. Шортанбай, Дыңғызыл, Бірлік ауылдық округтерінің әкімдері Мейіржан Ғұмаров, Оралбай Азимов, Гүлжазира Абенова газетке жазылуды алғашқылардың бірі болып тәмамдап жүргендердің қатарында. Осы жолы Шортанбай - 238 , Дыңғызыл - 229, Бірлік - 261 данадан көрінсе, Кудряшов - 29, Жаңаталап - 13, Жұмекен – 4, Орлы – 27, Мақаш – 69, Нұржау – 33 данаға артығымен орындап, биік межені бағындырды. Жаслан Сүндетов, Олжас Тәжібаев, Руслан Әмірханов, Жандос Бектеміров, Бауыржан Қадыров, Мұрабек Мұғалім сынды әкімдеріміз көш басындағы әріптестерінің қатарынан ойып тұрып орын алды.
Мерзімдік баспасөзге жазылуды ұйымдастыруда Қиғаш, Көптоғай ауылдық округтерінің әкімдері жоқ болса, олардың міндеттерін лайықты деңгейде атқарған Марина Жүнісоваға, Айдос Шамеровқа айтар алғысымыз мол. Бұл жолы шалғайдағы Сүйіндік, Асан, Азғыр ауылдық округтерінің әкімдері Қанат Құлшар, Асхат Жахиен, Жасұлан Жаманқұлов та биік межені бағындырды. Берілген болжамды Сүйіндік – 2, Асан – 8, Азғыр – 16 данаға артығымен жаздырды. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу науқанында Құрманғазы ауылдық округі 945 дана болжамды 296 данаға артығымен орындады. Бұл жерде округ әкімі Абдуррахман Мусаның ұйымдастырушылық қабілетіне тәнтіміз.
Әрине, округ әкімдеріне, газетке жазылуға жағдайы тарта бермейтін аз қамтылған отбасыларына көмек қолын созатын кәсіпкерлеріміз өз алдына бір төбе. Ауданда өтетін түрлі шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық акцияларына қатысып, мерзімдік басылымдарға жазғызатын жомарт жанды жерлестерімізді біз әрдайым әрине құрметтейміз. Биыл да «Серперге» жазылуда округтерге көмек қолын созған «БекетСәтЖол» ЖШС-не, «Серпер-Сауда» ЖШС басшысы Роман Рахимовқа, «Каспий балық», «Каспий таңы» өндірістік кооперативтеріне, жыл сайын жүздеп жаздыратын «Төбеаралойл» ЖШС басшысы Нұрлыбек Хамитовке, аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаевқа, Нұрлан Құсайыновқа басқа да демеушілерге айтарымыз әрдайым ел алғысына бөленіп, аман жүріңіздер деген тілегімізді айтқымыз келеді. Өзінің осындай оқырманы бар «Серпер» алға қарай да биіктерден көрінеріне сенімдіміз. Ең бастысы, халқымыз бақуатты, еліміз тыныш іргеміз бүтін болып, жылдан-жылға, айдан-айға аман жете берейік! Барыс жылы берекесі мен мерекесін, тыныштығы мен қуанышын молынан сыйлайтын табысты жыл болсын!
Айнагүл Шакупова "Серпер" газетінің бас редакторы