Өткен сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов, аудандық балық инспекциясының басшысы Нұрболат Қаратекеев Шора өзенін Каспий теңізіне дейін аралап, жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстарының барысымен танысты.
Сәрсенбай Құрманұлы бұған дейін Жайық өзені тайыздап кетуіне байланысты оның бойын аралаған болатын. Облысымыздың, ауданымыздың шешімін күткен мәселелерін жоғары жақта жиі көтеріп, жүзеге асуына ықпалын тигізіп жүрген азамат былтыр ауыл шаруашылығы министрлігінің лауазымды қызметкерлерін теңізге дейін алып барған. Биыл да аудан көлемінде бұл бағытта жасалып жатырған жұмыстарды өз көзімен көруді мақсат тұтыпты. «Каспий-Балық» ӨК төрағасы, балықшылардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын Жұмажан Шакуповтың айтуынша арнаны қазғанның пайдасы бар. Қазірдің өзінде қайықтардың өтуі жақсарған. Бірақ, Коневскіден теңізге дейін қазған дұрыс. Қиғаш каналының Екіашар (развилка) деп аталатын тұсынан 3 шақырымдай қазбаса бермен қарай балық кіруі де, қайық жүруі де қиындық тудырады. Кооператив төрағасы алға қарай осылар ескерілсе екен дейді. Бүгінде теңіз тамағынан бермен қарай 600 метр қазылған. Әлі де тайыз, шөп басқан жерлер көп.
Аудан әкімі Қайрат Талапұлы мен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов «Павлодар өзен порты» АҚ-ның жергілікті жердегі өкілі Бауыржан Нұрғалиевпен әңгімеде түп тереңдету жұмыстарының барысына қатысты сұрақтар берді. Мекеменің үш бірдей жер қазғыш снаряды Шора өзенінің Жаркоса каналында тұр. Алға қарай тағы да екеуі келмек. Аудан басшысы Қ.Нұртаев пен «Каспий-Балық» ӨК төрағасы Ж.Шакупов айналамызда өзендеріміз бен каналдарымыз көп болғандықтан өзімізде түп тереңдету жұмыстарымен айналысатын бір мекеме қажет деген орынды ұсыныстарын ортаға салды. Құрманғазы ауылынан бірнеше шақырым жерде Ресейден келген жер снаряды тереңдету жұмыстарымен айналысуда. Іргелес елдің азаматтары бізді жылы қарсылады. Бастағаннан бері 1500 метр жерді қазып үлгерген. Күніне 30-35 метр жүреді екен. Бұл жер снаряды қазақстандыкінен өте ірі. Суды да құбырлармен қашыққа жіберуде. Шора өзені бойымен ресейлік осындай екі техника жүріп өтпекші.
Осы жерде айта кетейік аудан территориясында өзен бойында отырған жүздеген шаруа қожалықтары бар. Олардың бәрі бірдей балық аулаумен айналыспағанымен мал өсіріп, егін салуда. Сөйтіп аудан экономикасының дамуына, жұмыссыздықпен күреске, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзіндік үлестерін қосуда. Бәрінің де жыл сайынғы күрделі мәселесі сумен қамту. Жыл сайын жазда арналардың бойы кеуіп, мал мен егінді суаруға қажетті тіршілік нәрін ақшасын төлеп, автокөлікпен тасиды. Қазір жүргізіліп жатырған түп тереңдету жұмыстарының жобасына сол арналардың бәрін болмағанымен бастыларын күргізіп жіберсе біраз мәселенің түйіні тарқатылар еді. Мұндай жұмыстар жыл сайын жасала бермейді ғой. Бізбен әңгімесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: – Қабылданған регламентке сәйкес Сенат депутаттары Парламент каникулының аясында өңірлерге іссапарға шығып, халықпен кездесіп, заң шығарушы органның қызметінен хабардар етеді және елдегі халықты толғандыратын мәселелерді біліп қайтады. Осындай бағытта менің де Атырау облысына іссапарым жоспарланған. Жақында Атырау облысының Индер ауданының Бөдене ауылында болып, тұрғындармен жолығып, олардың ұсыныс-пікірлерін білдім. Сонымен қатар қазіргі кезде тұрғындарды алаңдатып жүрген ең үлкен мәселе – Жайық өзені. Жыл сайын оның су азайып, арнасы тартылып, батпақтана бастаған. Осыған байланысты Индер ауданында арнайы мамандармен, аудан басшыларымен бірлесе отырып Жайық өзенінің жағдайымен танысу үшін арнаны араладық. Облыс әкімінің ұсынысы, депутаттардың қолдауымен Жайық және Қиғаш арналарының түбін тереңдету жұмыстары басталды. Мұнда біраз мәселелер туындады. Әсіресе, жобалау жұмыстарына қатысты. Материалдық-техникалық базасының жұтаңдығы, қазу қондырғыларының аз болуы тез арада басталуын біраз кідіртті. Маңызды болғандықтан оның ақшасын игеру Парламент Сенаты депутаттарының тарапынан бақылауда ұсталады. Сол себепті мен қазір Қиғаш өзені бойына келіп қарап тұрмын. Қасымда «Павлодар өзен порты» АҚ вице-президенті бар. Біздің шешкен үлкен мәселемізге тоқталсам, Экологиялық кодексте Жайық және Қиғаш өзендерінің бойынан құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды деген норма бар. Осыған орай өткен жылы 1 сәуір мен 15 шілде аралығында жұмыс жасалмады. Сондықтан Бас прокуратура, басқа да министрліктердің өкілдерін шақырып Сенатта қарадық. Яғни Жайықтың Каспийге құяр жерінде 50 шақырым шеңберінде қазуға болмайды, қалғанына рұқсат етілді. Міне, биыл бұл жұмыс жалғасын тапты. Дегенмен мердігер мекемеге техникамен қамту мәселесіне жете көңіл бөлу керек. Жергілікті тұрғындар, қоғамдық ұйымдар мен кеңестер де мұны бақылауда ұстап, сапасына мән беруден тыс қалмағаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі, дәл осындай мөлшерде қаржы бөлу жақын арада болмауы мүмкін, - деді.
Қанат ҒҰМАРОВ