Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Әлібек Нәутиев ауданымызда болып, мәслихат депутаттарымен кездесті.
Оған аудан әкімі Абат Жанғалиев, ауданы әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты. Сенатор мемлекеттің негізгі басымдықтары және VIII шақырылымның бірінші сессиясында қабылданған заңдарға тоқталып, түсінік беріп өтті. - Конституциялық өзгерістерге байланысты Сенат жергілікті жердегі жұмысты бірігіп атқаруды қолға алды. Бұрын тек мәслихатпен тығыз қарым қатынаста болса, тұрғындармен, қоғамдық ұйым, қоғамдық кеңестермен бірігіп елдік мәселелерді шешуге атсалысады. Бірінші сессияда жалпы 25 заң қабылданды. Сенатта 6 комитет бар. Өзім «Экономикалық саясат, экономикалық даму және кәсіпкерлік» комитетінің мүшесімін. Қазіргі таңда халық қалаулыларының көбі аймақтарда еңбек еткен, облыс әкімінің орынбасарлары болған, жерігілікті жердің жағдайын өте жақсы білетін азаматтар. Сол себептен, қабылданған 25 заңның онына депутаттардың бастамасымен өзгерістер енгізілді. Жаңадан тағы 5 заң қабылданды. Үлкен талас тудырған заң – «Заңсыз алынған мүліктерді мемлекетке қайтару» туралы заңды айтар едім. Мақсаты - заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару немесе оларды Қазақстандағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз иемдену мен алып қоюға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы қоғамды әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру.
Тағы бір заң зейнеткерлерге, әлеуметтік осал топтағы жандарға байланысты Әлеуметтік кодекс қабылданған болатын. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Бүгінгі күні Әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыста 17 заңнама бар. Осы заңнаманың барлық нормаларын біріктіріп, Әлеуметтік кодекспен қамтылмақ. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Ол туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн платформа, онлайн жарнама» заңына қол қойды. Бұл онлайн-платформалардың жұмысын заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Аталған заңның міндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу - дей келе, сенатор Әлібек Ибатоллаұлы бюджеттік алымдарды жергілікті жерге бөлінуін қамту, жұмыссыздықты жою түйткілдеріне тоқталды.
Қатысушылар да өздерін толғандырған мәселелерін алға тартты. Қоғамдық кеңес төрағасы Талғат Жаудин Үкімет тарапынан миллиардтап қаржы бөлінген түп тереңдету жұмыстарының олқылықтарын, су тапшылығын, жаздың аптап ыстығында құрманғазылықтардың ауыз сусыз қалғанын, әсіресе, Бұзаусылан елді мекенінде бұл жағдай тұрғындарға қиындық келтіріп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ит-мысықтарды жою, жаңадан салынған нысандарды қабылдау жайына, жанар-жағар май, оның ішінде бензин бағасының қымбаттауына қатысты наразылығын білдірсе, аудандық мәслихат депутаты Есболат Құбашев ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді қаперге берді. Депутаттар Нариман Қайрошов, Нұргүл Дүйсенбайқызы Дыңғызыл ауылына қарасты Қарағайлы-Ноғайбай елді мекендерінің арасындағы 42 шақырым жерді қоршау мәселесін, Көптоғай ауылы тұрғындарының өтініштерін ортаға салды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рифхат Сұлтанияев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Серік Алғаязов, мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева Азғыр өңірі тұрғындарына жеңілдіктерді қарастыру қажеттігін, өйткені, әлі күнге дейін кемтар балалардың өмірге келуі, ауру адамдар көбейіп отырғанын, жем-шөп дайындау науқаны кезінде жанар-жағар майға субсидия бөлу кенже қалғанын, облысқа қарайтын білім, денсаулық,ветеринария бөлімдерін аудандық әкімдікке қайтарудың маңыздылығын тілге тиек етті.
Сенат депутаты Әлібек Нәутиев кездесуде көтерілген мәселелерді зерделеп, Үкіметпен бірлесіп шешу жолдарын ұсынатындығын жеткізді.
Айнагүл Шакупова