С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ұлағатты ұстаз, мемлекеттік қызметтің ардагері, Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» Жармұхамбетов Қадырбай Жандыбайұлының 80 жасқа толуына орай «Елі үшін еңбек еткен өр тұлға» атты мәдени шара өтті.
Мерейгер қошеметпен сахна төріне шақырылып, үлкен экраннан өмір жолынан дайындалған бейнеролик тамашаланды.
Сеңгірлі сексеннің биігіне көтерілген мерейгерге тілегін білдірген аудан әкімі Қайрат Нұртаев алдымен облыс әкімі М.Досмұхамбетовтің құттықтау хатын, кейін өзінің Алғыс хатын оқып табыстады. Мерейгердің иығына оқалы шапанын жапты.
Шарада замандастары атынан Ө.Қажымғалиев, О.Құмарғалиев, З.Ақпанов, шәкірттері атынан Т.Дәрелов, О.Алғаязов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов ақжарма тілектерін білдірді. Еңбек жолында қызмет еткен білім бөлімінен Е.Баяров, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатынан Қ.Бисенғали, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжден К.Сәрсенова, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінен К.Қажымғалиева, Құрманғазы және Нұржау ауылдық округтері аппаратынан М.Әжігереев, М.Мұғалім сөз алды.
Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Р.Сәрсенова, А.Жахина, Т.Қажыгереев, Н.Исаевтармен қатар жас таланттар Жанби, Айбибі Елемесовтер ән мен күйден шашу шашты. Әдемі кештің нүктесін алған әсерімен бөліскен мерейгер Қадырбай Жандыбайұлының өзі қойды.
А.НӘЖІМОВ