Басты байлық, шүкір, есен-сауымыз,
Досымыз көп, байқалмайды жауымыз.
Қыс қақырап, әнге басса атырап,
Хош келдің де, сегізінші Наурыз!
Мұндай шақта кім қатады кейіп үн,
Жаңа күнге басталғандай сейілің.
Дүниені уыз нұрға бөлеп тұр,
Аналардың ақжарылқап пейілі.
Туған жерге ер еңбектің терін бер,
Сен қайдасың сертке берік сенімді ер.
Арналармен бір сылқылдап келіндер,
Мені сүй деп үлбірейді еріндер.
Аққу қанат армандарға үздіккен,
Ару қайда бір кездергі біз күткен.
Атқан таңдай ажарына мұң қонбай,
Талдан бетер бұралады қыз біткен.
Міне осылар бүгінгі өмір ажары,
Ұрпағымен көрік тапқан базары.
Көктем деген әйел, Ана, қыздар ғой,
Дүниені түгел ауған назары.
Гүлдей түскей жеміс төгіп бәйтерек,
Ақтан олар жамылмайды жай желек.
Беу жігіттер, алшаңдаған арыстар,
Осы әйелдер болмаса біз қайтер ек?
Әйел жазған қанша ма екен, жаралар,
Анасымен бақытты да балалар.
Нұрлы жасын төксе төксін, аспанкөк,
Еш уақытта жыламасын аналар!
Қуанышымен бақыт кірсін әр үйге,
Жарларына ерлер тірек, әрине.
Ақ сүттері ақталғай деп тілейік,
Уілдейді бесігінде сәбилер.
Осы мейрам құтты көктем негізі,
Шайқалады шалқар шаттық теңізі.
Сан түрлі құс сайрауына құлақ түр:
«Құтты болсын, Наурыздың сегізі!»
Таңатар Дәрелұлы, Құрманғазы ауданы