Рахмет Ерғалиев өлкенің мәдениеті мен өнеріне мол үлесін қосқан бірегей тұлға. Қарапайым автоклуб меңгерушісінен ауданның мәдениет бөлімі меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген абыройлы жол иесі.
Туабітті таланты, ерен қабілеті, терең біліктілігі арқылы ол ел аузында «Мәдениет майталманы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Айтыскер ақын, әуесқой әртіс, әнші, драматург, сценарист сияқты сан өнерді бойына жиған саңлақтың туғанына 80 жыл толуына орай аудандық мәдениет үйінде «Сегіз қырлы, бір сырлы бекзат болмыс» тақырыбымен еске алу кеші ұйымдастырылды.
Тағылымы мол шара мерейгердің өмір белестерін жадыға оралтатын «Қырдың қоңыр баласы» атты бейнероликпен бастау алды. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Хасанова Рахмет Ерғалиевтің ауданнның мәдени өмірінің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін атап өтіп, марқұмның ұрпақтарына аудан әкімінің естелік хаты мен сыйлығын табыстады.
Ауданның танымал әншілері Заря Қуанышқызы мен Раушан Сәрсенова мерейгердің сөзіне жазылған Есенғұл Қаражановтың «Құрманғазы жастары» әнін орындады. Мәдениет саласының ардагерлері Майина Айтасова, Гаухария Төкестаева адамға рухани байлық сыйлайтын саланы басқару оңай шаруа емес екенін, әр істің өз қиындығы болатынын, сол түйіні күрмеулі мәселені шешуде іскерлік, ұйымдастырушылық, адамдармен тіл табыса жұмыс жасау сияқты қасиеттер Рахмет ағаларының бойынан табылып, абыройлы еңбегімен есте қалғанына тоқталды. Өнер өлкесінің жас өрімталдары мерейгердің лирикалық өлеңдерінен көркемсөз композициясын әдемі сахналай білді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы құрмет иесінің азаматтық келбеті, адамгершілік қасиеттері хақында кеңірек толғады. Рахмет Ерғалиевтің қаламынан туған «Есірген әке, есті ұл», «Парыз», «Ғасырым – жан сырым» сияқты бірнеше туындылары кезінде аудан, облыста сахналанып, өз көрермендерін тапқан болатын. Солардың бірі даладай дархан, баладай аңғал қыр адамдарының өмірін бейнелейтін «Қазыбайдың қапасы» атты шығармасынан шағын үзіндіні Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театрының әртістері қойып, жиналған жұртшылықты бір желпінтіп тастады.
Бар болғаны 58 жыл ғана ғұмыр кешіп, артына мол мұрасын қалдырған Рахметтей мәдениет майталманының ұрпақтары тағылымды шарада сөз алып, әкесін ұмытпай еске алып жатқандардың баршасына ризашылығын білдірді. Сағынышты сезімге толы кеш Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі хор ұжымының орындауындағы мерейгердің сөзіне жазылған Ибрагим Хабибуллиннің «Егеменді елім» әнімен қорытындыланды.
Айбек НӘЖІМОВ