Сегіз қырлы, бір сырлы

(0 Votes)

Бір басына сан өнерді жиған таңғажайып шығармашыл тұлға, жерлесіміз, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлығының лауреаты, Қазақстан суретшілер, журналистер және еуразиялық дизайнерлер одақтарының мүшесі, суретші, композитор, публицист, өнертанушы, педагог, профессор, қоғам қайраткері Қуандық Насихатұлы Мәдір мерейлі 60 жасқа толуына орай өнер сапарымен ауданымызға келді.

Алдымен өзі туып-өскен Жұмекен ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  оның рухы мен туған топыраққа тағзым етті. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Хамзин туған елге қош келдіңін айтты. Ауылдастары алдында сөйлеген сөзінде мерейгер қайда жүрсе де кіндік қаны тамған киелі жерді ұмытпай, жүрегінің жылы түкпірінен орын беретінін жеткізіп, жиналғандарды бір тебірентіп тастады.

Қуандық Насихатұлы Еңбекші ауылдық округінің тумасы, Ганюшкин мектеп-интенатында, Еңбекші орта мектебінде оқыған. 1983 жылы онжылдықты бітірген соң Орал педагогикалық интитутының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы тәмамдайды. Жоғары білімді маманды институт басшылығы оқытушылыққа қалап қалдырады. Атауын өзгерткен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде отыз жылдан астам еңбек етті. Кейіннен Орал музыка мектебінде директор, «Атамекен» өнер ордасында көрмелерді ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметінде болды. Соңғы жылдары университеттегі ұстаздық қызметіне қайта оралды.

Аудан орталығындағы мәдениет үйі алдында есейіп еліне оралған талантты ұлға ат мінгізіліп, құрмет көрсетілді. Өңірге танымал ел ағалары, ер қанаты – ат қадірін түсінетін Тілеп, Насихан, Насихат Мәдіровтердің көшін лайықты  жалғастырған бүгінгі ұрпақтары және тай-құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастары атынан бір емес үш бірдей тұлпар мінгізілді. Сый-құрметті аса ілтипатпен қабыл алған мерейгер қос құлағын қайшылаған сәйгүліктердің үшеуіне де тақымын тигізіп, топ алдында жүріп өтті. Шығармашылық әріптестікте болған ақын Таңатар Дәрелов, немере ағасы Жантөре Тілепов, балалық және студенттік шағын бірге өткізген Бисенбай  Рамазанов жүрекжарды ақ тілектерін білдірді.

Мәдениет үйінің фоэсінде ұйымдастырылған «Талбесік» шағын көрмесінің ашылуында «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің Сабыржан Сұлтанов пен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі көрме ұйымдастыру бөлімінің өнертанушысы, кескіндемеші Нұрбек Жәрдемов Қуандық Насихатұлының Атырау қаласында «Талтүс» атты мерейтойлық дербес көрмесі өткізіліп, оған қойылған суретшінің кескіндеме, графика және композициялық жанрлардағы жұмыстары мен философиялық-эстетикалық ой-толғамдарын жеткізетін күрделі туындыларының біраз бөлігін ауылдағы талғампаз көрерменге әкеліп отырғанын айтты. Өнер иесі кейбір шығармаларының шығу тарихын, дайындалу әдісі, онда бейнеленген тұлғалар жайлы баяндады. Шығармашылық кеш Т.Ахметжанов атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің (дирижері Мейіржан Ихласов) орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен басталды. Оркестрдің сүйемелдеуімен Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Айбар Қайырханов шараның тақырыбына таңдалған ақын М.Отаралиевтің сөзіне жазылған Қуандық Мәдірдің «Перзентімін даланың» әнін сәніне келтіре  шырқады. Кеш тағы бір әсем әнмен жалғасып танымал әншіміз Раушан Сәрсенова сазгердің түсінде қазақ әнінің корифейлері Шәмші мен Әсет аян бергеннен кейін туған бөкейордалық ақын Ғ.Сейтақтың сөзіне жазылған «Жаңбырдан соң» әнін тыңдарманына ұсынды. Дәстүрлі әнші Толыбай Қажыгереев жергілікті айтыскер ақын Мүтиғолла Ғанидың кеш қонағына арнауын домбырада орындады. Бұдан соң сахна төріне алқалаған жұртшылықтың ыстық ықыласымен Қуандық Насихатұлы мен жұбайы Алтын Сағитқызы қошеметпен шақырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов ыстық лебізін білдіріріп, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, Қуандық Мәдірдің иығына шапан жапты. Мұндай құрметті кеш қонағының зайыбына да көрсетті. Мінберге шыққан ақын-журналист Таңатар Дәрелұлы қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әсем теңеуі тұп-тура Қуандықтай бесаспап талантты ұлға лайықталып айтылғанын айта келіп, тілеулес ағаларының атынан дайындалған сырлы өлеңге толы құттықтауын оқыды. Тағы да кезек әнге беріліп Жұмекен ауылының жас әншісі Жандос Нұреденов қос өнер иелерінің тандемінен туындаған сұлу сазды «Жанұрым», Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан  облыстық филармониясының әншісі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов «Теңіздің ерке сұлуы» әндерін сызылта салды. Оралдық әнші Айбар Қайырханов сахнаға қайта оралып Қуандық Мәдірдің шығармашылық тығыз әріптестіктегі Ғ.Сейтақтың сөзіне жазылған бір үйі болған университетіне арнаған «Оралдың білім ордасы» әнін тыңдарманға тарту етті.

Сөз кезегі жерлесіміз Қуандық Насихатұлының шашбауын көтеріп келген оралдық өнерлі азаматтар Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті ақын Ғайсағали Сейтақ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, әнші Мәулет Жұбатовтарға берілгенде тарихшы Жаңабек, ақын Ғайсағали  теңіздің таланты ұлдың екінші Отаны болған Ақ Жайықтың ыстық ықыласы мен сәлемін әрлеп, әсірелеп жеткізді. Қонақты сыйлау қасиетіне берік құрманғазылықтар атынан әрқайсысына шапан жабылды. Батыс қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке аужан әкімі Абат жанғалиевтің Алыс хаты жолданды. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов тағы да Таңатар ағасының сөзіне жазылған Қуандық сазгердің «Теңіздің ерке сұлуы» әнін музыкалық сәлемдеме ретінде жолдады. Жұп болсын деген ниетте «Ауылға қайтып жаз келді» (сөзі ақын Мұңайдар Балмолданыкі) әнін орындап тыңдарманын терең әсерге бөлеп қойды.

Сан қырлы талант иесі өзінің 60 жастық мерейтойының құрметіне Алматы қаласындағы «Атамұра» корпорациясы баспаханасынан өзінің көп жылғы шығармашылық еңбегі – әндері, өлеңдері, очерк-эсселері, мақала - сұхбаттары, тезистік ойлары, ғылыми жарияланымдары мен талдау-сипаттамалары, мәдениет пен азаматтық қоғамды дамыту жолындағы пікір-ұсыныстары жинақталған  «Бойтұмар» атты қос томдығы шығарып ала келіпті. Су жаңа туындының таныстырылымын аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Людмила Рахметова жасап, мерейтой иесімен ұзақ жыл тығыз шығармашылық байланыста болған Ғайсағали мен Таңатар ақын тұсауын кесті.

Қуандық Мәдірдің туған жерге деген перзенттік махаббатының көрінісі іспетті поэзия падишасы Фаризаның сөзіне жазылған «Ауылды  аңсау» әнін белгілі өнерпаз Гүлзада Тілегенқызы талғампаз тыңдарманына ұсынды. Жалпы мұндай тек шығармашылыққа негізделген кеш көптен болмағандықтан әбден сусап көрермендер жылы қабылдады. Соңында Саржала батырдың тікелей ұрпағымын деп сөз саптаған мерейгер қолын жүрегіне қойып, бас иіп жерлестеріне ізеттілік ілтипатын көрсетті.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT