Данышпан Абай атамыздың «Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі» деген нақыл сөзі бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне шығып отырған Орынғали Құмарғалиұлындай азаматтарға қаратып айтылса керек. Ердің елге танылуы сол еселі еңбек пен көркем мінезден десек еш жаңылыспаспыз.
Ағамыз 1941 жылдың 20 тамызында майдангердің отбасында дүниеге келді. Онжылдықты тәмамдаған соң Гурьевтің зооветеринарлық техникумына түсіп, зоотехник мамандығын алып шықты. 1961 алғашқы еңбек жолын Сүйіндіктегі қой совхозында мал дәрігері болып бастады. Екі жылдан кейін жас маман Теңіз аудандық мал дайындау-бордақылау пунктіне аға мал дәрігерлікке жіберілді, кейіннен осы шаруашылықтың директорының орынбасарлығына жоғарылатылды. 1965 жылы Теңіз ауданы аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасына аға зоотехник болып келді. 1966-74 жылдары «Коммунизм жолы» кеңшарының №2 қой фермасына, 1974-82 жылдары Сүйіндік кеңшарының №3 қой фермасына меңгерушілік жасады. 1982-1996 жылдары аралығында Теңіз аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Киров атындағы кеңшардың директоры, Калинин атындағы кеңшардың бас зоотехнигі лауазымды қызметтерін абыроймен атқарып зейнеткерлікке шықты. 2000-2008 жылдары аудандық мұражайдың меңгерушісі болды, 2010 жылдан аудандық ардагерлер кеңесін басқарып келеді.
Еселі еңбектері үшін кеңестік кезеңнің де, тәуелсіз еліміздің де жиырмалаған марапат-мадақтарына ие болды. Салмақты дегендеріне тоқталсақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Грамотасының, В.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерейтойлық медалінің, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісінің, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалінің, республикалық ардагерлер кеңесінің 30 жылдық медалінің, «Құрмет белгісі», «Құрметті ардагер» төсбелгілерінің иегері. Республикалық деңгейден бермен қарайғы бірнеше Құрмет грамота, Алғыс хаттармен марапатталып, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атанды.
Мерейгердің 80 жасқа толуына орай аудан әкімі Марат Мурзиев қабылдап, ауыл шаруашылығын өркендетудегі, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудегі еселі еңбегіне лайықты бағасын беріп, ыстық лебізге толы құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ, Атырау облыстық кеңесі төралқасының шешіміен марапатталған Хиуаз Доспанова атындағы медалді өңіріне қадады. Орынғали Құмарғалиұлының иығына зерлі шапан жапты, Мұндай құрметті ардагердің зайыбы Орынша Қапанқызына да көрсетті.
Келесі кезектерде аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, мерейгердің құрдастары Өмірзақ Қажымғалиұлы, Зинетолла Сұлтанғалиұлы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сыяпаттарын көрсетті. Шара соңында мерейтой иесі Орынғали аға қабылдауға қатысқандарға ыстық ілтипаттары, көрсеткен құрметтері үшін баршасына ағалық алғысын жаудырды.
А.МЕЙІРМАНОВ