Сәбиіне үкі таққан халықпыз

(0 Votes)

Облыс әкімімен бекітілген жоспарға сәйкес, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен құрамында теологтар Сұлтангелді Серікұлы мен Алшын Аққу бар ақпараттық түсіндіру тобы ауданымызға келіп, алғашқы кездесуін аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттықтырушылармен, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен өткізді.

Топ жетекшісі теолог Сұлтангелді Серікұлы жат ағымдардың жастарды өз қатарына қалай тартатыны, олай адасудың неге соқтыратыны, одан сақтанудың жолдары жайлы әңгімеледі.

– Қай халық болмасын, мысалы араб, өзбек, қырғыз, түркімен, түрік немесе тағы басқалары ұлттық киімін киініп, ислам дінімен қатар өзінің салт-дәстүрін бірге ұстанады. Ислам қазақтың да салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен біте қайнасқан дін. Қазір ислам діні мәдениеті мен араб мәдениеті деген бар. Ол екеуі екі бөлек дүние. Көбінесе осыны шатастырамыз. Шындығына келсек, қазір араб мәдениетіне өтіп жатқан бауырларымыз жоқ емес. Арабтарша киініп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын алға тартып, қазақтікін «Бұл шариғатта айтылмаған ширк, бидағат», деп жоққа шығарады. Әрине, олардың білім деңгейінің жеткен тұсы осы. Сондықтан түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Біздегі араб мәдениетін алға тартатындар бірінші тілдік саясатты ұстанады. Егер, «ахи» демей «аға-іні» десеңіз намазыңыз, дәретіңіз бұзыла ма? Оларға солай айтқызып жатырғандардың пиғылы ортасынан ажыратып алу, «Міне, сенің аудиторияң» деп өздеріне тарту. Мен ондайларға «Пайғамбар кімге жіберілген? Сендерге жіберілген екен ғой» деп едім: «Астапыралла, бізге емес, әлемге, күллі адамзатқа жіберілген», деді.

«Ендеше неге өздеріңнің айналаңдағы адамдарға ғана жақсы көзқарас танытып, басқаларға дұшпандықпен қарайсыңдар? Берген сәлемін де алмайсыңдар» дедім. Мұхаммед пайғамбарымыз көркем мінездің үлгісі болған. Олар ата-анаға, ағайынға, көршіге соны көрсетіп жатыр ма? «Көрші ақысы – тәңір ақысы» демей ме қазақ? «Өзі тоқ болып, көршісі аш жатқан бізден емес», деген хадис бар. Ата-ананы құрметтеу парыз. Намаз оқымады екен деп ешкімді кәпір деуге болмайды. Себебі, олар да құдайға сенеді, ауызашар, садақа береді. Пайғамбарымыз «Қай елге барсаңдар да олардың салт-дәстүрі шариғатқа қарсы келмесе тиіспеңдер», деген өз хадисінде. Бұлар: «Абай адасқан, Шәкәрім шатасқан», деп жүр. Мысалы, қазақтың тұсау кесерін де ширкке жатқызады. Тұсау кесерде балаға бата беріп, «Бауы берік болсын!», деген тілек айтады. Бұл дініне, біліміне берік болсын, өсіп-өрлей берсін, таза жүрсін, ешкімнің ала жібін аттамасын дегенді білдіреді. Қазақ бесікте жатырған сәбиге үкіні неге тағады? Қой баққан үлкендер бұрын жануардың мойынына мылтықтың оқ-дәрісін байлағанынан хабардар. Мұны қасқыр алыстан оқтың иісін сезіп қойға шаппасын деген мақсатпен жасайды. Сол сияқты үкі улы зиянкестермен коректенетіндіктен ондай жәндіктер үкінің иісін сезіп сәбиге жоламасын деп тағады. Бұл ешқандай ширк емес. Міне, біздер, қазақтар жеті атасына дейін қыз алыспаған осындай салт-дәстүрді ұстанған дана бабалардың ұрпағымыз, – деген теолог Сұлтангелді Серікұлы діни білімді интернеттен емес, «Торғай сойса да, қасапшы сойсын», дегендей мешіт имамдарынан алу тиімді екенін жеткізді. Жат ағымдардың парақшаларынан шығу қажеттігін, оларға қолдау білдіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қаперге берді. Ақпараттық түсіндіру тобы ауданымызда үш күн болып, осындай кездесулерді мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда, мектептер мен мешіттерде де өткізуді жоспарлап отыр.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT