Сазгер Ибрагим Хабибуллинді еске алуға арналған шара өтті

(0 Votes)

Ауданда белгілі мәдениет майталманы, жас ұрпақты киелі музыка өнеріне баулыған ҚР білім беру ісінің үздігі, түрлі марапат-мадақтардың иегері, сазгер Ибрагим Хабибуллинді еске алуға арналған шара өтті.

Алдымен марқұм ұзақ жыл еңбек еткен Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінде ұлағатты ұстаздың шығармашылық сыныбының салтанатты ашылуы болды. Онда өнер-білім саласында үзеңгілес жүрген әріптестері естеліктерімен бөлісті.

Құрмет иесінің немересі, осы білім ордасының бес жылдық курсын тәмамдаған, болашақта атасының жолын жалғастыруды мақсат тұтқан жас дарын Бекзат Нұрболатұлы күй орындап берді.

Еске алу шарасы бұдан соң С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Сағыныш қалды, саз кетіп» атты тағылымды кешпен жалғасын тапты.

Өнер саласындағы ізбасарлары дайындаған шарада үлкен экраннан Ибрагим Хабибуллиннің өмір және еңбек жолдарынан кең мағлұмат беретін бейнефильм назарға ұсынылды. Кеш кейіпкерінің балалық шақтағы, студенттік кездегі, мәдениет саласындағы, ұстаздық қызметтегі тарихқа айналған фотосуреттері зал тола жиналған көрерменнің көңілін бір сәт сейілмес мұң толтырып, іңкәр сағынышқа бөледі. Өмір деректеріне қысқаша тоқталып өтсек, төмендегіше өріледі. Хабибуллин Ибрагим Хабиболлаұлы 1952 жылдың 19 маусымында бұрынғы Өлеңді ауылдық кеңесіне қарасты Қадір ауылында дүниеге келді. 1959 жылы аудандағы «Каспий» сегізжылдық мектебіне бірінші сыпқа барып, аталған білім ордасын 1967 жылы ойдағыдай аяқтады. Сол 1967 жылы Гурьев музыкалық училищесінің скрипка сыныбының екіжылдық дайындық курсына түсті. Кейіннен негізгі курсын оқып 1973 жылы училищеніскрипка мамандығы бітірді. Еңбек жолын Бейнеу аудандық мәдениет үйінің директоры болып бастады. 1973-1975 жылдары аралығында Ресейдің Каменск-Шахтинск қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеді. 1975-1977 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды. 1977-78 жылдары Орлы ауылдық клубына көркемдік жетекшісі болды. 1978 жылы Ганюшкин балалар музыка мектебіне скрипка сыныбының мұғалімі, 1987 жылы Ганюшкин балалар музыка мектебінің директорлық лауазымына тағайындайды. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматы мемлекеттік консерваториясын домбыра-тенор сыныбы бойынша бітірді.1996 жылы аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, 1999 жылы Ганюшкин мектеп-интернатының тәрбиешісі болды. 2000-2001 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы, 2001-2005 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан 2015 жылға дейін Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебінің оқу ісі меңгерушісі, кейіннен директоры қызметтерінде жасады. Бірнеше музыкалық аспапты меңгерген бесаспап маман, әуесқой сазгер. Туындылары облыстық, аудандық сахналарда орындалды, бірқатары «Өнер және өлке» жинағына енді. Кеш барысында аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова И.Хабибуллиннің аудан мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін айта келіп, марқұмның жан жары Жәннат Кәрімқызының иығына оқалы камзол жауып құрметін көрсетті. Өнер, өмір жолында сырлас, мұңдас болған дәулескер домбырашы Талапқали Зайнуллин, ақын-жазушы Таңатар Дәреловтер сөз алып, құрмет иесі жайында қызықты естелік шертті.

Келесі кезекте марқұмға арналған «Гүл жүрек» атты естеліктер кітабының таныстырылымы өтіп, аудандық орталық кітапхананың библиографы Сандуғаш Қайырова «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан басылып шыққан жаңа туындыға шолу жасады. Тұсаукесер рәсімінін кітаптың құрастырушысы Ибрагим Хабиболлаұлының інісі Талап Ғаббасов пен оның жарық көруіне үлкен бастамашы болған Таңатар Дәрелұлы ие болды.

Естеліктер легін сыныптасы Нұрлан Кәрімұлы, Алматы қаласынан арнайылап келген жерлесіміз, марқұммен ұзақ жыл достық қатынаста болған Сәрсенбай Бүркітов жалғастырды. Сонымен қоса ағамыз естелік кітаптағы «Қос қарағай» күйінің шығу тарихынан мағлұмат беріп, ерекше тебіреніспен орындап берді.

Күй өңірінің топырағын басып тұрып, құдіретті домбыраға кезек бермегенім әбестік болар дегендей бірнеше күй күмбірлетті. Кеште сазгер Ибрагимнің әндерін Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі мұғалімдерінің хоры, танымал әншілер Ерболат Сұлтанов, Қадыржан Хасанов, Аманжан Залықов, Раушан Сәрсенова шырқады.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT