«Сазды» аралына көктем келді

(0 Votes)

Теңіз өңіріне дүбірлеп көктем жетті. Мал өрісінде қайнаған тірлік. Асыр салған құлыншақ, сүтке тойып алып, енесінен бөлектеніп қалған қозы, лақтың маңыраған даусынан құлақ тұнады.

Көктем әйгілі сынықшылар, ерекше қасиет иелері Қазбек, Қаби, Серікбай аталарға құтты қоныс болған «Сазды» аралына да жетті. Халықтың қолдауымен тұрғызылған «Серікбай Ата» күмбезі алыстан мұнартып қазаққа ғана тән әулиеліктің символындай ерекше асқақтайды. Кезінде Серікбай ата егін еккен, тазы ұстап аң аулаған бұдырлы дала сағыммен бұлдырап, кей тұсы көгілжім тарта бастапты.

Әулие жандарға ата қоныс болған құйқалы өңірдің ендігі иесі аруақтардың мирасқоры, Қазақстанның халық емшісі Дәметкен Серікбайқызы. Тегіне тектілік біткен, тегін жан еместігі апайдың түрінен ақ көрініп тұр. Ата–бабалары түсіне аян беріп «Дәметкенжан, атақоныстан қозғалма, біздің жанымызда бол, жаратқанға сыйын, қиналған жандарға жәрдемдес» деп әмір берген соң Орлы ауылының ортасындағы дағарадай үйге де бармады, ол балалардың еншісі болып қалды.

Тәуелсіздік жылдары осы жерде шаруа қожалығын ұйымдастырды. Әкесіне жаққан кәсіптің бірі – егіншілікпен айналысты. Теңкиген қарбыздары, сары ала қауындары бал татып тұратын. Дәметкен ананың нитраты – малдың пәленбай жылдық көң – күбірі. Содан тынышы жоқ. Өнімі сапалы, сөреде жатып көрмепті. Алқап басынан-ақ ел-жұрт пышақ үсті бөліп алатынын көз көрді, көңіл сүйсінді.

«Саздыдағы» Дәметкен апа мекенінде бірнеше ақшаңқан үйлер салынды. Науқастар ата шаңырақта қабылданады. Жанына шипа іздеген жандар тек қайдан ғана келмейді? Әрісі Қап тауынан, шығыс бойдан Маңғыстау, Өзбекстаннан бері құйылған халықта қисап жоқ. Бірнеше күндеп жатып, ата секерін әлсін – әлсін тұтыну қажет болса, оған да мүмкіндік бар, орын әзір, үй – жай сайлы. Осы тәуелсіздік жылдардың өзінде қаншама адамдарға шипа – шапағаты тиді? Ол бір Аллаға, қала берді өзіне аян. Сексен жас таяу, оның үстіне сәт сайын бөгде біреудің сырқатымен арпалысу қайдан оңай? Апамыз егделікке икемделе түскен. Тұла бойын аруақ қысып, қара терге малшынып ертеңді – кеш дерт меңдеген жанға жәрдемші болудың бізге меймәлім өз құпиясы бар.

Содан да шығар, үлкендік дегеннің үлес салмағы жылдар жылыстаған сайын анығырақ сезілуде. Ел – жұрттың тілекшісі, әрі жебеушісі Дәметкен ананың кейде шаршап- шалдығып қалатын кездері бар. Аман болса екен, Алла тағаладан соны сұраймыз. Халқына қорған болған жанға ұзақ өмір, денсаулық ғана бере гөр деп. Әйтпесе өзге жағдайы келісті, ел –жұртының аялы алақанында. Жарығы жарқырап, көгілдір отыны маздап жанса, «Ел Тәуелсіздігінің арқасы» - дейді қасиетті ана. «Сазды» аралына көктем келді дедік ғой, өте – мөте көрікті. Үй алдындағы жіңішке өзектің толқын тулаған төсіне түстіктен қайтқан торы ала қаздар, көк мойын үйректер қонбай өтпейтін сияқты. Жуынып–шайынып жатқандай. Үй тұсында келушілерді әрлі–берлі өткізу үшін үлкен қара қайық тұр. Толқынмен тербеліп тынымсыз билейді. Қожалықтың бүгінгі иелері Самат күйеу бала мен Нұрсұлу қыз. Адамның қылпы көрінсе оларға қызмет ету парызын бек сезінген иманды, инабатты жандар. Күйеу бала Самат апамыздың туған баласындай. Түздегі шаруасы, мал қамы тап – тұйнақтай. Ал, Нұрсұлу қазірдің өзінде Дәметкен анадан қасиетті істі қабылдап алып, сырқаттарды емдеуге кіріскен. Демек, апамыздың, ата аруақтың ендігі, алға қарай мирасқоры. Алла қолдағай!

Ауасы аңқыған, қырат – белдері көгіс тарта бастаған, ойлы дала – «Саздының» биылғы көктемі қандай керемет?! Мұрынға сүрдің иісі келеді. Нұрсұлу қарындасымыз шығар, апамыздың ұзынсарыға сақтағанын бүлк-бүлк қайнатып жатқан. Қонағына, өздеріне бұйырғай!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT