Сарқынды су төгетін орын керек

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық өңірлік кеңесі отырысын оның төрағасы  Есболат Құбашев ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Кеңес отырысына аудан әкімінің орынбасары  Амангелді Мұратов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау  облыстық  филиалы Сапаны бақылау және жұмысты қабылдау бөлімінің бас маманы  Сәуле Куржуова, аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман  Муса, аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев, аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары  Қайрат Насипов, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров,  «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов, құқық қорғау қызметкерлері қатысты.

Құрманғазы ауданы аумағындағы қатты және сұйық қалдықтарды төгетін орындардың заңдылығы және ондағы күрделі мәселелер жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражев хабарлама жасап: 

– Аудан бойынша 19 ауылдық округте  22 қоқыс алаңы  орналасқан. Олар аудан әкімінің қаулысына сәйкес, бөлімнен алынып, ауылдық округ  теңгеріміне  берілді. Жалпы аудан орталығында 14  мыңға  жуық  халық  тұрады. Ағымдағы  жылы  округтің  санитарлық тазалық  жұмысына  26083,0  мың  теңге  қаржы  бөлініп  отыр. Құрманғазы ауылдық округінде 70-ке тарта  контейнер алаңшалары мен 400-ге жуық контейнер, бір қоқыс алаңы бар. Қалған ауылдық округтердегі қоқыс алаңдарын округ әкімі аппараты өз күштерімен ұстап, тазалап отырады,– деп «Таза ауыл» акциясы, сенбіліктер, көгалдандыру және жасыл аймақтар құрудың  2021-2025 жылдарға арналған жоспары бойынша атқарылған жұмыстардан ақпарат  берді. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев, аудандық өңірлік кеңес мүшелері, жеке кәсіпкерлер  Батырбек Амиров, Гауһар Болатбаева, Бержан Кенжебаев, облыстық мәслихаттың депутаты  Зәмзәгүл Карсакова, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов  және басқалары тарапынан сарқынды суды төгуге қатысты туындаған сұрақтарға  жауап қайтарды. Құрманғазы ауылдық округінің әкімі  Абдуррахман  Муса  қазір сарқынды су төгіліп отырған  жерге  тыйым  салса, онда лас суды көрінген шұңқырға, сайға ақтара салып, ауыл азып кетуі мүмкіндігін алға тартты.

Жеке кәсіпкер Батырбек  Амиров: – Аудан тұрғындарының 80 пайызының  үйінде  лас су жиналатын шұңқырлар бар. 60 пәтерлік үйлер де салынып жатыр. Мектептерден  де  сарқынды  суларды  сорамыз. Оны  Ақкөл мен Қиғаш ауылдық округтеріндегі арнайы  орынға  апарып қалай төгеміз? Олай  етсек қымбатқа шығады. Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңына төксек құзырлы органдар айыппұл салады. Айналып келгенде заңды түрде  жұмыс  жасап  отырған кәсіпкерлер кінәлі болады, – деген ренішін  білдірді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров: – Азғыр өңірінде лас су төгетін жер жоқ. Қыр бойындағы білім беру ұйымдары қатты және сұйық қалдықтарды тасымалдау бойынша конкурс жарияласа да аудан орталығынан шалғай  жатқанына  байланысты мердігерлер оған түспейді. Сондықтан бұл мәселені жұмыс тобын құрып шешу керек, – деген ұсынысын ортаға салды. Басқа да кәсіпкерлер егер сарқынды  суды Ақкөл немесе Қиғаш ауылдық округтеріндегі арнайы орынға апарып төгетіп болса, бағасы 50 мың теңгеге шығатыны, сұйық  қалдықтарға  жылына  200 мың теңге  ғана  бөлетін мектептердің оған жағдайы тартпауы  мүмкін деген уәждер айтты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді  Хайдарұлы  бұл мәселені  зерделеп, өңірлік  кеңеске  жазбаша  түрде  жауабын берілетінін  жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT