Наурыз айында Қазақстан Армиясының бітімгершілер контингентінің Біріккен ұлттар ұйымының мисссиясымен Голан биіктіктеріндегі бейбітшілікті қамтамасыз етуГе аттанғанын, сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран сарбаздардың сапында ауданымыздың тумасы Жанарыс марат барын газетімізде жазған болатынбыз.
Міне, тоғыз ай болды қазақстандық бітімгершілер даулы аймақтағы жанжалды бейбіт жолмен реттеуге, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып келеді. Қарулы күштеріміздің шектелген тобының бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді абыроймен орындауға атсалысуын әлем қауымдастығы лайықты бағалап отыр. Бұл туралы сирек те болса баспасөз беттерінен оқып-біліп отырамыз. Жақында Жанарыстың ауылдағы ата-анасына Таяу Шығыстағы отты нүктеден қуанышты сәлемдеме келді. Голан биіктігіндегі қазақстандық бітімгерлер корпусы командирі, Қарулы күштер подполковнигі Жігер Аипов жіберген хатта «Құрметті Марат Ғилажұлы, Мүгілсін Маратқызы! Сіздер тәрбиелеп өсірген азамат Жанарыс Маратұлы Сирия Араб мемлекетінде UNDOF миссиясымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрамында түрлі қиындықтар мен сынақтарға сынбай,батылдық танытып жеке құрам арасында жақсы жағынан көзге түсіп, озат болуы Сіздердің берген тәрбиелеріңіздің жемісі деп білемін. Жауынгер балаңыздың жүрегіне батылдық пен мейірімділікті қатар қондырған сіздерге рахмет. Болашақ қоғамға еліміздің білімді де жігерлі қайсар азаматын тәрбиелегендеріңіз үшін Сіздерге шексіз алғысымды білдіремін» делінген. Бұл әрбір бала өсіріп отырған ата-ана үшін ерекше мақтаныш, асқақ мерей екені сөзсіз. Жауынгер Жанарыстай болсам дейтін өскелең ұрпақ үшін үлгі, жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелейтін өнеге.
Жанарыс Марат ауданымыздағы Абай атындағы орта мектептің түлегі, балалық арманы жетелеп Шортанды қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусын үздік аяқтады. Қазақстан Қарулы күштерінің кіші командирі болып қызметке тұрды. Әскери борышын алыстағы Сирия тауларында өтеп, жауапты миссия атқарып жатқан бітімгерші сарбазға сәттілік, туған жеріне, жанұясына абыроймен аман-есен оралуына шын жүректен тілектеспіз.
Айбек МЕЙІРМАН