Ақпараттық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Birgemiz Asyl Mura» тарихи мәдени жобасы аясында «Құрманғазы туған жер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауданымыздың бір топ білім және мәдениет саласының қызметкерлері Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Харабайлы ауданының Селитренное селосының маңындағы «Сарай Бату» туристік орталығында болып қайтты.
Мақсаты – халқымыздың рухани құндылықтары және ел тарихының дамуымен, мәдени мұраларымызбен тереңірек танысу. Аталған орталық кезінде Алтын Орданың алғашқы астанасы болған, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сарай Бату қаласының қазба орыны маңынан салынған. 2011 жылы осы жерде «Орда» фильмінің түсірілуіне орай декорация ретінде пайдаланылған. Бүгінде дәуірлеген тұсында бір шеті Еуропадан бастау алып, Алтайға дейін созылған алып хандықтың тарихы мен мәдениетін насихаттауға арналған ашық аспан астындағы мұражай. Ахтуба өзенінің жарқабақ бетінде екі гектар жерді алып жатыр. Сарай Бату декоративті қалашығы биік ағаш дуалмен қоршалыпты. Сыртында хан шатыры нысаны бар. Мұнда ескі заманнан бүгінгі күнге жеткен құмыралар, қару-жарақтар, шапандар және басқа да тарихи жәдігерлер қойылған. Жанында жасыл желек жамылған кафе.
Мұражайдың өзіне кіргенде ерекше атмосфера орнайды. Орта ғасырдың қаласында жүргендей күй кешесің. Халқы әлдебір шаруалармен шығып кетіп шаһар бос қалғандай көрінеді екен. Ішінде басына тері тымақ, үстіне шапан киіп, қолына қылыш ұстап, ит ерткен қала тұрғыны мен қолөнер бұйымдарын саудалап тұрған бірнеше алтынордалықтар ғана бар.
Шағын қалашық бірнеше көшелерден, сарайлардан, көк күмбезді мешіттен, әдемілеп ойып жасалған есіктері бар сауда дүкендерінен, орталық алаңнан, су диірменінен, басқа да ғимараттардан құралған. Радио Сарай Батудың тарихын самбырлап айтып тұр. Іште басқа жақтан келген туристер де жүр. Нысанды аралап шыққаннан кейін, сыртта түйеге мініп серуендеуге болады.
– Алтын Орда күллі түркі және қазақ тарихының, рухани мұраларымыздың ажырамас құрамдас бөлігі. Оны ұлттық тарихымыздан бөліп қарай алмаймыз. Сол себепті Сарай Бату мұражай қалашығына саяхаттап қайтқанды жөн санадық. Бұл тарихи орын ХІІІ ғасырдан бастап дәуірлеген алып мемлекеттің бүгінде өзі болмаса да, аты өшпегенінің белгісі. Саяхатшылардың дені жастар. Біз өткенімізді қадірлеу арқылы бүгінімізді баянды етеміз. Бұған дейін де бірқатар тарихи орындарымызды араладық. Рухани құндылықтарымызды дәріптеу мақсатындағы мұндай шараларды алға қарай да жалғастыра береміз, – дейді «Құрманғазы туған жер» қоғамдық қорының директоры Азамат Абдоллаев.
Қанат ҒҰМАРОВ