Сапасыз жұмысты қабылдамау қажет

(0 Votes)

Адамға ауа қандай қажет болса, газ, су, электр жарығы сияқты инженерлік инфрақұрылымсыз күнделікті өміріміз қиындық тудырады. Сондықтан жиналыстар сайын бұл мәселе  күн тәртібінен түспейді.

Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалында да қозғалды. Филиал  төрағасы Ерлан Хисметуллин партиялық фракция отырысын ашып, күн тәртібінде үш мәселе – газбен, ауыз сумен, электр энергиясымен  қамту қаралатынын жеткізді. Осы үш мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиевтің хабарламасы тыңдалды.

Хабарламашының айтуынша үш үйі бар Ниетбай ауылынан басқа ауданымыздағы 49  елді мекеннің 48-і табиғи газ желісін пайдалануда. Аталған елді мекенді учаске деп өзгерту жоспарда бар. Жоғарыда аталған елді мекендер ауыз сумен де 85,9% қамтылған. Аудан көлеміндегі су құбырының ұзындығы жалпы ұзындығы – 645,2 шақырым. «Астрахань – магистральды су ағызғысына 5 елді мекен қосылған. Азғыр өңіріндегі ауылдарға «ҚазСуШар» РМК «Қоянды» топтық су құбыры арқылы ауыз су беруде. Қошалақ және Алипов ауылдарынан басқа 47 елді мекенді «Атырау-Жарық» АҚ электр энергиясымен қамтып отыр. Одан әрі хабарламашы, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиеваның айтуынша Еңбекші ауылдық  округінің  теңгерімінде 344 соқа болғанымен, электрик те, оларды күтімге алатын маман да жоқ. Өткен жылы соқалар құлап, желілер үзілуі орын алғанда, жарықсыз қалған тұрғындар маман таппай дағдырған. Мұндай жағдай басқа да округтердің бас ауруына айналған. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізген Гүлжанат Ғаділханқызы округтегі электр бағаналарын «Атырау-Жарық» АҚ-ның теңгеріміне беру немесе электрик маман штатын бөлу керектігін, салынған нысан сапасыз болса қабылдамау қажеттігін алға  тартты. «Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық  электр  жүйесі  мекемесінің басшысы Игорь Абуғалиевтің мәлімдеуінше  ауылдық округтердегі иесіз электр желілері 2016 жылы аудан әкімінің шешімімен округтердің теңгеріміне берілген. Электр желілерінің 84-90 шақырымының тозығы жеткен, сонау, 2008-2009 жылдан бастап ауыстырылмаған бағандар бар екен. Филиал ол соқалар өздеріне қатысты болмағандықтан апатты жағдайда ғана техникалық қызмет көрсетеді. Айтуынша жақында ғана пайдалануға берілген Шипажай мөлтек ауданында биіктігі 16 метрлік кейбір соқалар жарылып тұр. Ауылдық  округтерде ауыстырылған соқалар жобада жоқ, сметада күтіп ұстау қаралмаған. Мәселеге орай жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Шынболат Мусин округтердің теңгеріміндегі  соқаларды күтіп ұстауға қаржы бөлінгенін, ескі соқаларды біртіндеп ауыстырып жатқандарын, бұл жұмыс қысқы дайындық бойынша рет-ретімен жасалатынын тілге тиек етті.

Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Ринат Нұғыманов Шипажай мөлтек ауданын қабылдап алғанда электр бағаналарының сау болғанын, үй салып жатқан тұрғында көлікпен соғуы салдарынан осындай жағдай орын алып отырғанын қаперге берді.

Аудандық мәслихаттың депутаты, партиялық  фракция мүшесі Жұмажан Шакупов бүгінде «Шипажай» мөлтек ауданына газ неге берілмей отырғанын сұрады. «Қазтрансгаз» АҚ АӨФ Құрманғазы газ шаруашылығының басшысы Аманғали Сатанов аудан әкімдігімен бірге комиссия құрып, Шипажай, Болашақ мөлтек аудандарына барып қарағанда ондағы кейбір газ шкафтарының тоналғанын жеткізді. Фракция мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашевтың мәлімдеуінше Мақаш ауылдық округінде жаңадан салынған құбырлардан су жүрмей жатыр. Осындай мәселелерге қатысты басқа да фракция  мүшелерінің  пікірлері  тыңдалып, жауапты  бөлімдердің  басшылары жауап қайтарғаннан кейін, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин  ұсыныстар болса ортаға салуларын, депутаттар тарапынан қандай қолдау қажеттігін сұрады.

«Қазтрансгаз» АҚ АӨФ Құрманғазы газ шаруашылығының басшысы Аманғали Сатанов: – Теңіз ауылдық округінде мектептің  бұрышында газ шкафы бар. Ол жерге тағы бір шкаф қою қажет. Арғы жағында үйлер салынуда. РТС ауылына да осындай шкаф керек. Халық қыста газ жетпей жатыр деп келеді. Себебі, шкаф болмағандықтан бірінен-бірі  тартып алады, сол себепті газдың қысымы азаяды – деді.

«Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық  электр  жүйесі  мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Игорь Абуғалиев: – Электр энергиясы соқаларын күтіп ұстауға бөлінетін 28 миллион теңгені неге аудандық бюджеттен бөлмеске? Округтер теңгеріміндегі соқалардан 23-і қисайып тұр, үшеуі апатты жағдайда. Ауданнан қаржы бөлінсе облыстан  күтіп ұстауға қажетті ақшаны жібереді деп күтпей жұмыстарды жасай беруге болады ғой,– деген ұсынысын ортаға салды.

«Құрманғазы су арнасы» ЖШС директоры Ерлан Аманжанұлы: – Бізге су жинайтын қосымша резервуар қажет. Ауыл ішіндегі магистралдық желіні диаметрі 300-400 мм құбырларға ауыстыруған дұрыс. Сонда су жақсы жүреді. Өткенде су жүрмей қалғанда қаздық, сонда көргеніміз ең үлкені 160 милиметрлік  құбырлар. Кей жерлерде ол да жоқ. «Ақбұлақ» бағдарламасымен жасағанда диаметрі – 100, бір  жерлерде – 75, тіпті – 65 миллиметрлік  құбырларды салып кеткен, – деп оларды ауыстыру жөнінде ұсыныс бергендерін жеткізді.

Аудандық  мәслихаттың  депутаты Жұмажан Шакупов: – Ауылдарда жазда су жетпейтіні өздеріңізге белгілі. Бұл мәселені  шешу үшін жазғы, яғни, техникалық су құбырын тартпаса болмайды, – деді.

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин фракция отырысын қорытындылап, ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын айтты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT