Сапалы жұмыс басты назарда

(0 Votes)

«Amanat» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ақынжан Хусаинов, Оразғали Алғаязов, Қанат Ғұмаров Еңбекші ауылдық округіне қарасты Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үй құрылысының жқмыс барысымен танысты. Комиссия мүшелері партиялық бақылуда тұрған бұл нысандардың басындағы мердігер мекеме басшыларымен, жұмысшылармен сөйлесіп, құрылыстың қарқынына жіті назар аударды.  

Алпыс пәтерлік тұрған үйдің терезелері салынып, сырты кірпішпен қапталып, құрылыстың 90 пайызға жуығы аяқталған. Енді лоджиялардың терезелері орнатылуда. Қазір ғимараттың  соңғы бөлігінің  үш және екі бөлмелі пәтерлерінің ішкі жұмыстары жалғасуда. Бірнеше қыз-келіншектер бірі сылағын жағып, бірі терезе әйнектерін сүртіп, тап-тұянақтай етіп  ретке келтіруде. Іштері мұнтаздай таза. Линолеум, кафел төселген едендері жалтырап, төбесі мен қабырғалары аппақ болып тұр. Бірден көз тартады. Қыздар Орал қаласынан келген. Үй алдында абаттандыру, бордер салу, лас су ағатын құдық, ауыз су, электр, газ желісін тарту жұмыстарын мердігер мекеме «Еламан ойл» ЖШС бастап кетіпті.

Аталған серіктестіктің басшысы Ербол Қабдырахманов: – Абаттандыру жұмыстарына кіріскенімізге 5 күн болды. Оған дейін мына үйдің астынан өтіп жатқан, көптен айтылып келе жатқан ауыз су құбырын өзгертіп, басқа жерден шығарғанбыз. Кәріз жүйесін жүргіздік. Нысанға 5 жерден су жүйесін қосып отырмыз. Ортадағы алаңды құямыз. 15 күнде бордер төсуді бітіреміз. Мында біздің фирмамыз ең мықты бригадасын жіберді. 10 адам жұмыс жасауда. Жалпы абаттандыру жұмыстарын 20 күнде түгелдей бітіреміз деп жоспарладық. Жобада футбол алаңы 20х40 деп көрсетілсе, біз кеңдеу болсын деп 22х42 метр етіп жасаймыз. 1000 текше метр газон төселеді. Одан бөлек демалыс алаңы салынады. Бұған дейін салынған мына көппәтерлі  үйлерден өзгеше, әдемі болып шығады. Құрылыстың абаттандыру жұмыстарын сапалы жасау басты назарымызда. Ертең кім істеді дегенде бізге сөз келмеуі керек, – дейді комиссия мүшелерімен әңгімесінде. Еске сала кетейік, бұл нысанға тапсырыс беруші Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвестор «НКОК Н.В», мердігер мекеме «Бек и Ко», техникалық бақылаушысы «Батыс эксперт инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. 

Құрманғазы ауданында салынып жатқан алпыс пәтерлік үй құрылысында бір топ жас жігіттер абаттандыру жұмыстарымен айналысуда. Қастарында бір тегістегіш трактор жүр. Бұл «Еламан ойл» ЖШС басшысы Ербол Қабдырахманов жоғарыда айтқан фирманың ең мықты бригадасы екен. Біреулері үй алдына салынатын бордерді тасып, басқалары екі аяқты қоларбамен тас төсеніштерді  жеткізіп, тағы бірі арнайы құралмен тегіс жатуын қадағалауда. Жұмыстары қарқынды, жел тұрып, топырақ ұйытқығанымен шаруалары жоқ. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT