Аудан әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсету ашықтығын және жариялылығын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Аталған тақырыпта Теңіз, Шортанбай ауылдық округтерінің әкімдері Қайсар Мақсотов, Мейіржан Ғұмаров, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қадыржан Өтешовтің хабарламалары тыңдалды. Комиссия төрағасы Марат Мурзиев мемлекеттік қызмет көрсету – мемлекеттік саясатты жүргізудің басты бағыты болып саналатынын, сапалы қызмет – әрбір маманға міндет екенін алға тартып, әкімдіктің бөліміне ішкі талдауды мұқият жүргізуді тапсырды.
Күн тәртібіне сай, «Кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік несие беру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар» жөнінде аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы тұрғындармен ақпараттық-насихат жұмыстар жүргізу» жөнінде аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах, Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимов хабарламаларын ұсынды.
Айнагүл Күнұзаққызы