Бүгінде аудан орталығындағы базарларда қауын-қарбыз саудасы қызып тұр.
Әрине, ерте көктемнен ала жазға дейін қолынан ай маңдай кетпені түспей, ұзын шұбақ алқап бойында арам шөптермен тынбай күресіп жүретін, мерзімінде суарылуын қадағалайтын диқан маңдай терінің өтелгендігі бұл. Қарап тұрсаң, егіншілік – ерінбестің кәсібі. Бәзбіреулер ойлағандай бір маусым бел ауыртып пішен ақшаны қалтаға басатындай оңай тірлік емес. Оны осы саладағы шаруалар өмірінен көруге болады.
Әр өңірде сол аймақтың атын шығаратын брендтері болады. Сол сияқты ауданымыздағы «Сандуғаш» шаруа қожалығының егін өнімдері 15 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланып, қарбызының дәмі де өзгелерден тіл үйірер қасиетімен ерекшеленеді. Биыл да қияр, қызанақ ерте сатылды. Ала жаздай тәтті өнімді баптаған шаруалар егін өнімдерінің алғашқы легін сатып үлгерді.
Диқан қауымы суды үнемдеу тәсілімен яғни, суландыру жүйесімен егін егуді қолға алды. Соның арқасында «Сандуғаш» шаруа қожалығының жұмысшылары жергілікті өнімді дер кезінде тұтынушыға ұсыну үшін барын салды. Алқап басында он бестеген ауылдастардың басын қосып қожалықтың белді мүшесі, отағасы Асылбек Еділбаев таңның атысынан күннің батысына дейін суару, арам-шөптерден арылту, өнім жинау, оларды базардағы дүкендерге жіберумен айналысады. Ешқандай қоспасыз, барлық талапты сақтай отырып өсірілген қарбызының бағасы шаруаға да, сатып алушыға да тиімді.
Біз орталық базар жанындағы көлеңкелі шатырда жергілікті халал өнімді аудан тұрғындарына ұсынып тұрған Асылбектің жұбайы, «Сандуғаш» шаруа қожалығының басшысы Сандуғаш Жармұхамбетованы сөзге тарттық. – Ала жаздай күннің астында, желдің өтінде маңдай терімізді төгіп, несібемізді жинауды бастап кеттік. Шүкір, осы еңбектің арқасында өз нәпақамызды тауып келеміз.Тамшылатып суару әдісі керемет екен. Суың да, жерің де үнем. Дәнді дақылдардың да бұрынғыдан жақсы өсіп келетіні байқалады.
Көлігі барлар көкөністерімізді алқап басынан көтеріп сатып алуда. Өнім сөреге шыққаннан бері тонналап тұтынушымызға ұсынып үлгердік. Тіпті, өзіміз межелеген шамадан асып келеміз. Ең басты ерекшелік – өнімнің сапалылығы және қолжетімділігі. Біз осы үрдістен табылуға тырысудамыз. Тұтынушыларымыз өнімдеріміздің дәмділігіне дән риза, - дейді шаруа қожалық иесі ақшадан ұтылса да, тұрақты тұтынушысынан айырылғысы келмейтінін айтып. Шынында да, Сандуғаштың қарбызы тәтті деп ертесіне іздеп келіп тұратындардың көп екеніне өзіміз де куә болдық.
Әр киләсі қиярдың – 100, қызанақтың да – 120,160, қырыққабаттың – 80, 100, қарбыздың – 80, қауынның -200, баклажанның – 200,250, бұрыштың – 200 теңгеден сатылуда. Бұл аудан базарындағы басқа да көкөніс сатушылар қойып отырған бағадан әлдеқайда арзанырақ.
Олай болса,тамылжыған тамызда жаз қызығының базарына кенелдіріп отырған«Сандуғаш» шаруа қожалығының уылжып піскен қауынына, шөл бастырар қызыл қарбызына да қол жеткізіп, ауыз тие аласыз.
А.Шакупова