Сандарды сөйлететін сұлулар

(0 Votes)

Қоғамымызда сан түрлі мамандық бары белгілі. Ал, соның ішінде асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін статистика қызметінің орны ерекше. Өйткені, елдің қазіргі жағдайы мен ертеңгі болжамы олар дайындаған сандарға тікелей байланысты.

Бүгінді бағамдамай, өткенге есеп бермей, болашақты бағдарлай алмайтынымыз анық жайт. Демек, кез келген нәрсенің сандық сипатын шығарып, түрлі саланы бір ортаға жинақтап, нақты ақпарат беретін олардың атқарып отырған қызметі осынысымен құнды.

Статистика саласы негізінен, тек мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Өйткені, кез келген статистикалық ақпарат қандай да бір шешім қабылдауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе, мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі, инвестиция, баға, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде статистикалық ақпараттың елдің дамуында өзіндік орны бар. Бұл мәліметтер бойынша түрлі саланың жұмысы бақыланып отырылады. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистиктердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Жалпы алғанда, мемлекеттік статистика – ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырылған жүйесі. Ол мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы орган ретінде елдегі барлық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттайды.

statistika

Мекеменің тарихын сөз қысқаша етсек, алғаш 1930 жылы Теңіз аудандық атқару комитетінің халық шаруашылығы есеп инспектурасы болып құрылады. Одан кейінгі уақыттарда сатистика инспекциясы, машинамен есептеу стансасы, статистика бөлімі сияқты құрылымдардан өтіп, 2009 жылы статистика басқармасы болды. Әр жылдарда Қ.Құбышев, Ш.Ихсанов, Ш.Жамалов, Қ.Әжіғалиев, А.Құсайынов, Ф.Ғұмаров, М.Қадыров, Х.Жаудин, Р.Нұрғалиева, М.Бекмұхамбетов, С.Мұқышевтар басшылық жасады.

2005 жылдан бері ұжымды Жанаргүл Саматқызы Мұқышева басқарып келеді. Осы кезеңде буын ауысуы жүріп, Самат Мәмбетұлы, Шынайбек Шайхымұлы, Елемес Өтегенұлы сияқты статистика саласының білгірлері зейнеткерлікке шығып, орнын толықтай Тұмардың сіңлілері алмастырды. Атқарар ісінің ауқымы мол мекемеде бұл күнде  Жанаргүлмен бірге Айгүл Хайрлиева, Салтанат Нұралина, Анар Қадырғалиева жұмыс жасайды. Сондай-ақ, қызметтеріне келісім-шартпен жұмыс жасаушылар, интервьюерлер тартылады.  Мұндағы әрбір қызметкердің өз жұмыс істеу бағыты, тапсырылған міндеттері бар. Мысалы, экономикалық тіркелім, қаржы, еңбек нарығы, жұмыссыздық деңгейі, ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы, балық кәсіпшілігі,  сауда, баға, тұтыну себеті, қызмет көрсету, өндіріс, инвестиция, құрылыс, туризм статистикасы сияқты сан-салалы есептерді жүргізеді.

– Аудандағы барлық заңды мекемелер, кәсіпкерлік құрылымдары, шаруа қожалықтары  бізге сандық көрсеткіш өткізеді. Біз оларды жинақтап, ауданның әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін зерделейміз. Осылардың негізінде зерттеу жұмысын жүргізіп, талдап, нақты ақпарат ұсыну – бұл саланың басты міндеті. Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 қыркүйектен бастап алдыңғы жылдарда өткізілмей қалған ұлттық халық санағы жүргізілетін болады. Ол әдеттегіден өзгеше онлайн режимінде болады деп күтілуде. Бұл жұмыстарды атқаруда әр маманнан, интервьюерден үлкен жауапкершілік талап етіледі, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы.

Қоғамның әрбір құбылысын санмен өрнектеп, сенімді де дәл ақпарат үшін тынымсыз еңбектенген әр маманның жұмысы расында елеуге тұрарлық. Бұл ретте аудандық статистика басқармасындағы сандарды сөйлететін сұлулардың да атқарған істерін ерекше атап өткен абзал. Әсіресе, келе жатқан көктемнің көрікті мейрамы – әйел-қыздардың мерекесінде болса бұл құрметіміздің еселене түсері сөзсіз. Ендеше, құтты болсын дей отырып, мерекелік көңіл күй, еңбекте табыс, жанұяда бақыт, зор денсаулық тілейміз.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT