Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде мектеп оқушылары, Ауған соғысының ардагерлері мен сол қанды қасаптан оралмағандардың туыстары мен ұрпақтары қатысқан «Санамызда жаңғырады сол жылдар» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Шара алдында аудандық мұражайдың ауған жерінен оралмаған Қадырбек Өмірбаев, Василий Григорьевтің құжаттары, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Серік Мұфтаховтың тапсырған жәдігерлері қойылған көрмесі, көрермен залында Ауған соғысы жайлы бейнетүсірілім тамашаланды.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов құттықтау сөз сөйлеп:
– Бұл біз үшін ерекше тарихи күн болып есептеледі. Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақшасы болып қала бермек. Тоғыз жылға созылған осы соғыс жауынгер жерлестеріміз үшін өмірдің қатал сынағы ретінде есте қалды. Олар жаумен жаға жыртысып, Отан алдындағы борышын өтеуде адалдық танытты. Біз сол соғыстан оралмаған батырларымызды, олардың жақындарын ешқашан ұмытпаймыз. Ұрыс даласында ақтық демі қалғанша соғысқан ержүрек жауынгерлеріміз әрқашан жадымызда сақталады. Қыршын кеткен боздақтарды еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Жауынгерлік бауырластық сезімдеріңізді биік ұстап, азаматтық борыштарыңызды адал өтеген сіздердің ерен ерліктеріңіз жас ұрпақты жасампаздыққа тәрбиелеуде үлгі-өнеге. Енді соғыс болмасын, ондай қайғы-қасіретті кейінгі ұрпақ көрмесін,– дей келе ауған жерінде қаза болған Бауыржан Бегалиев, Қадырбек Өмірбаев, Берік Құбаевтың ағайындарына Естелік хат, зейнеткерлік жасқа толған Амантай Бисенғалиев,Темірболат Зинетуллин, Самат Құттымұратов, Дәуіт Сисенов, Серік Төлепбергенов, Нұрсайын Төлепов, Қанат Хайруллинге Құттықтау хат, Ғарифолла Жұмашев, Аман Қаражанов, Ғабит Сиғашев, Қалыбай Үдербаев, Рафхат Ахметов, Болат Сұлтанов, Нұрболат Хабибуллин, Әбілхас Абсатыровқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Аудан әкімінің және «Авто-Мобиль М» ЖШС ұжымының Алғыс хатымен Сағынғали Молдағалиев ұлығыланды. «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Серік Мұфтахов:
– Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күнінде біз бірге жүрген қаруластарымызды, он жылға созылған соғыста жат жерде қаза тапқан жігіттерді еске аламыз. Олар интернационалдық борышын өтеп, өзге халықты жаудан қорғау үшін жандарын қиды. Елге келгеннен кейін де өмірден өткендер бар. Бәрі де көз алдымызда. Ауған жерінде 18 жасында от кешкендердің алды бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп жатыр екен, – деп марапаттар алып жатқан қаруластарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары өздері әзірлеген концерттік бағдарламаны көрермен назарына ұсынды.
Қанат ҒҰМАРОВ