Аудандағы айтулы мектептердің бірі де бірегейі алғашқы қоңырауға арналған салтанатты шараны "Саналы ұрпақ - жарқын болашақ" деп атапты.
Шәкірттері көбейгеннің үстіне көбейе түскен. Бірінші сыныптың өзі төртке жеткені қуаныш емес пе?!
Жетекші, жас ұстаз Тәуенова Надежданың 1 "а" сыныбында 22 оқушы болса, мұғалімі Сағындықова Тұраргүлдің 1 "ә" сыныбына да осыншама бүлдіршін келіп отыр.Ұстаз Бексейітова Қанағаттың 1 "б" сыныбы 22 шәкіртпен оқу жылын бастамақ. Үздік диплом иегері Әлімжан Айжанның 1 "в" сыныбындағы бала саны да осыншама.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын көтеру құрметіне сарапшы ұстаз, облыстық, республикалық, халықаралық спорттық сайыстардың жүлдегері Ғабдуллаева Ғалия, түрлі сайыстардың жеңімпаздары, 11 сынып оқушылары Тұралиев Рахат, Салихжанова Айда, Сабырғалиева Жансая ие болды.
Аудандағы 33 мектептің арасынан топ жарып 2-ші тұғырға көтеріліп, білім мен тәрбие сапасын алдыңғы жылдардан анағұрлым арттырған мектептің білікті директоры Гүлжанат Қалиеваның құттықтау сөзінде қол жеткен жетістіктер, алдағы тың межелер айқын көрініс тапты.
"100 жаңа есім" энциклопедиялық жинағына есімдері, еңбектері енген белгілі ұстаздар Клара Қабдолова, Нұргүл Мәдиева төсбелгілер иеленсе, ұстаз Хиуазова Мәрия Білім министрлігінің грамотасымен марапатталды. Айбекова Эльмира, Ғилаев Зинел, Құспанов Мерей т.б. ұстаздар, шәкірттер түрлі деңгейдегі грамоталар, алғыс хаттармен ұлығыланды.
Келген қонақтардан аудандық "Серпер" газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Клара Керешова, учаскелік полиция инспекторы Карима Нұрланбекқызы құттықтау тілектерін арнады.
Ата-аналар атынан Бақтияр Тілекқабылұлы сөйлеп, мектеп ұжымына жоғары табыстар тіледі. Бірінші сыныптықтардың жетекшілері атынан Тұраргүл Әміржанқызы өз лебізін білдірді. Осы мектептің есімдері республикаға мәшһүр болған "Нұршуақ" жасөспірімдер театрының өнеріне дүсірлете қол соғылды. Ара-арасында мектеп өнерпаздары жүректі қозғайтын сырлы әндерге кезек берді.
Бірінші сынып бүлдіршіндеріне "Білім кілтін" 11 сыныптың үздік оқушылары Шапхатова Дана, Есенболатұлы Баурбек табыстады. Балғындар қолымен қоңырау үні сыңғырлады.
Т.Дәрелұлы