Аудан орталығының Самаркин мөлтек ауданының жастары кейінгі уақыттарда үлкен мерекелерде бас қосып, бірге тойлауды дәстүрге айналдырғандай.
Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлап ауылдың үлкен-кішісін қуанышқа бөлесе, кешегі Құрбан айтта тағы да думанды мереке ұйымдастырды. Стадион ішіне екі киіз үй тігіліп, қой сойылып, қазан көтерілді. Кішкентай бүлдіршіндерге батут алаңы жұмыс жасап тұрды. Оларға тегін балмұздақ үлестіріліп, тәттіге толы сыйлықтар жиынтығы ұсынылды.
Спорттық жарыстарды тамашалауға көрермендерге қолайлы болуы үшін биік сахна дайындалды. Айтты мерекелеу жазғы күннің аптабы қайтқан кешкілікте басталды. Алдымен бірыңғай сүліктей қара автокөліктердің шеруі өтіп, бебеулеген сиренаның үнімен барша ауылдастарды той алаңына шақырды. Туылған жылдарына қарай бөлінген ауыл жастары өзара мықтыларды анықтады.
Көңілді эстафетамен басталған спорттық шара қазақ күресі, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қошқар көтерумен жалғасын тапты. Қазақ күресі екі салмақ дәрежесінде өтіп, 60 келіге дейінгілер арасынан Нұрхат Байсексенов, Әліби Сайлауов, Нұрхат Өмірзахов (ең жас балуан) осы ретте жеңімпаз тұғырынан көрінді. 70 келілік балуандар арасында Молдашев Бекболдың бағы жанды, екінші-үшінші орындар Ернар Бисекенов пен Әділбек Сайфеновке бұйырды. Көңілді эстафетада 92-93-шы жылғылардың біріккен командасы жеңіске жетсе, арқан тартыста 90-шы жылы туғандарға тең келері болмады. Құйрығы тегенедей едәуір салмақты қошқарды иығына салып 25 мәрте көтерген Азамат Қисамеденов жеңімпаз атанып, сыйлыққа сол қошқарды үйіне өңгеріп қайтты.
Арнайы дайындалған жарыстың жүлделерін ауыл үлкендері Ибрай Шайхислямов, Мүтиғолла Ғани, Серік Мәдиев, Наслиха Исаева табыстады. Жеңіс сатысына көтерілгендерге медаль, кубок, бағалы сыйлық, тіпті үздік шыққан балуандарға үлкен жарыстардағыдай безендірілген белбеу тағылып құрмет көрсетілді. Қасиетті Құрбан айтты тойлау шарасы ақ тілектер айтылған ақ дастарханмен, түнгі аспанда қызылды-жасылды шуақ шашқан отшашумен аяқталды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ