Салық кодексіндегі өзгерістер

(0 Votes)

Құрманғазы ауылында жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті. Іс-шараға Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Б.Шанаев, департамент қызметкерлері және өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Сүйінбаев қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер жан-жақты түсіндірілді.

Онда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  2025 жылғы 18 шілдеде еліміздің жаңа Салық кодексіне қол қойғаны айтылды. Ол бойынша алдағы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған құжат күшіне енетін болады. Жаңа кодекс салық жүйесін жеңілдетумен шектелмей, салық салудың тұтастай жаңа қағидаттарын енгізуге бағытталып отыр. Жаңа Салық кодексі елімізде салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды, салықтық әкімшіліктендіруді жеңілдетуді көздейді. Кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді. Салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуді көздейді. 

Ең маңызды жаңалықтардың бірі — жеке табыс салығында прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 8 500 есесіне дейінгі жеке тұлғалар 10% мөлшерлемемен салық төлейді, ал одан асқан табыстарға 15% мөлшерлеме қолданылады. Бұл өзгеріс салық әділдігін арттыруға және төмен табысты азаматтарға түсетін салықтық жүктемені азайтады.

Салық есептілігінің нысандары 30%- ға қысқарады. Мәселен, жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі, салық сомасы 1 млн теңгеден кем болған кезде мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі жойылды.  Арнаулы салық режимі және ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру жүзеге асырылады.  Салық есептілігі белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, мұндай есептілігі «0»-дік көрсеткішпен ұсынылған болып есептеледі. Салық төлеуші осы салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін ұсына алады. Салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады. Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту мен кері қайтарып алу қарастырылмаған. Барлық өзгерістер қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттау тәжірибесімен бас тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.Оның орнына ескерту сипатындағы камералдық тексерулер форматы енгізілмек. Бұл тетік кәсіпкерлерге өз қызметіне зиян келтірмей, анықталған кемшіліктерді уақытылы түзетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға айрықша көңіл бөлінді. Реформа аясында салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік үлгісіне көшу көзделген. Бұл үлгіде негізгі басымдық бизнесті қолдау мен кеңес беру шараларына беріліп, бақылау-қадағалау функциялары екінші кезекке қойылады. 

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT