Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауданымызға келді.
Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ақкөл ауылдық округіндегі теміржол вокзалының басшысы Елена Адиеваның айтуынша ауыл үстімен таңғы сағат 4.00-ден бастап кешке дейін алты бағытта пойыздар қозғалады.
Вокзалда 10 қызметкер бар. Жоғарыда аталған пойызды қарсылап алуға арналған салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев сөйлеп: – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сәтті жүзеге асып келе жатқан жоба. Жыл сайын ауданымызға да ат басын бұрған бұл жәрдем пойызы аудан халқы үшін үлкен мүмкіндік. Шалғай ауылдардан келген тұрғындарға өте тиімді. Үлкендеріміз бен балаларымызға оны пайдаланып, қаралып, өз денсаулықтарын түзеп алуға мүмкіндік туды, – деп пойызды ұйымдастырушыларға, дәрігерлерге аудан халқы атынан алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева: – Біздегі дәрігерлерді таныстыра кетейін. Құрамымызда хирург, уролог, невропатолог, педиатр, стоматолог, отоларинголог, травматолог, лор, окулист, психиатр, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентген, мамография, кардиограмма, ультрадыбыстық диагностика бар. Сонымен қатар, сынамалар тапсыра аласыздар. Бұрын екі күн болатын едік, енді үш күн бойы сіздерге қызмет көрсетеміз. Медициналық сақтандыру бар-жоғына қарамаймыз. Таңертеңгі сағат 9.00 мен кешкі 18.00 аралағында қабылдаймыз. Үйлеріңізде балабақшаға, бірінші сыныпқа баратын балалар болса төлқұжатпен келіп бізден тексерістен өткізіңіздар. Ол бір жылға дейін жарамды. Биылғы өзгеріс екі мобильді топпен келдік. Төсек тартып жатқан науқастарды қарау қажет болса, маған келіп тіркелесіздер. Атырау облысында 26 мамырда бастаған жұмысымыз 17 маусымға дейін жалғасады. Осыдан кейін Афанасьево ауылына барамыз, – деп, қаралушылар ішке бір вагоннен кіріп, үлкендерді, мүгедектер мен балаларды кезектен тыс өткізуін сұрады.
Қанат ҒҰМАРОВ