Саладағы өзекті мәселелер талқыланды

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың ІХ сессиясын аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Б.Сисатов, бөлім басшылары мен округ әкімдері және кейбір депутаттар Zoom форматында қатысты.

Аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №210-VI «Құрманғазы аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәслихат аппаратының бөлім басшысы А.Анесова хабарлама жасады. Сессияға қатысушы депутаттар өздерінің ұсыныстары мен толғандырған сұрақтарын ортаға салып, хабарламашыдан заңға сәйкес жауаптарын алды.

«Аудан көлемінде денсаулық саласында атқарылған жұмыстар, медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі» туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары С.Хамзина баяндады. Бұдан кейін хабарламашы тұрақты комиссияда көтерілген саладағы проблемалық мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Оның ішінде аудан тұрғындары тарапынан жиі айтылатын уәждердің бірі – дәрігер мамандарға қаралу үшін кезекке тұру ұзақ уақыт алатыны немесе олардың іссапарға, ауылдық округтерді аралауға шығып кету жағдайлары жиі қайталанатыны сөз болды. Мәслихат депутаты Г.Қалиева дәрігерлердің жұмыс жасау кестелері халыққа міндетті түрде ақпараттандырылуы қажеттігін алға тартты. Одан әрі хабарламашы тегін дәрі-дәрмектерді ұсынудың жай-күйін, мектеп медбикесінің функционалдық міндеттерін саралады. Депутат Г.Қалиева «Даму» бағдарламасы жүйесіндегі олқылықтар қашан қалыпқа келетініне алаңдаушылық білдіріп, ПТР анализдерінің нәтижесін алу 3-4 күнге созылатынын, оған нақты кім жауап беретінін сұрады. Өйткені, биылғы  жазғы лагерьлерге оқушыларды жіберуде осындай қиындықтарға тап болғанын айтып ренішін білдірді. Аудандық мәслихат депутаты Б.Кенжебаев аурухана жанынан ашылған сүзгі бөлмелерінде КВИ инфекциясының симптомы білінген науқастарды басқа ауру адамдардан бөлек қабылдау, орналастыру жағын реттеуді тезірек қолға алуды тапсырды.

Келесі кезекте «Құрманғазы ауданындағы ауылдық округтердегі жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2021 жылға арналған жоспарларды бекіту» бойынша аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары М.Хасанов баяндады. Депутаттар тарапынан жайылымдық жерлердің жоқтығы, оған қатысты күрмеулі мәселелерді талқыға алды. Нәтижесінде ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы жайылымдық жерлерді түгендеу жөнінде ұсыныс енгізілді.

Бұдан басқа сессияда аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 15 қаңтардағы №9-VIІ «Аудан әкімдігінің дербес құрамымен келісу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудан әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы М.Мұстахишев хабарлама жасады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT