Қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Осыған орай аудан әкімдігінде қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауда алғашқы сөз берілген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сейітжанова бөлімнің тарихына қысқаша тоқталып өтіп:
– Бүгінде бізде 25 қызметкер еңбек етеді, оның 12-сі мемлекеттік қызметкерлер. Бөлім негізінен халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге және әлеуметтік қорғауға бағытталған бағдарламаларды әзірлейді. 27 түрлі мемлекеттік қызметті көрсетеді. Құрамында Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту орталығы және аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жұмыс жасайды. Біріншісінде 33, екіншісінде 76 маман бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздарды оқыту, қайта даярлау және тұрақты маусымдық жұмыстарға орналастырумен айналысады. Орталықтың директоры Базарбай Өтеулиев. Ал, аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жартылай стационарлық жағдайда ауытқуы бар 20 мүмкіндігі шектеулі бала қамтылған. Директоры Нұржан Бахреденов. Мұнда 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі, - дей келе әріптестері мен сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.
Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров аудан әкімі мен өзінің атынан құттықтап:
– Бұл сала оңай жұмыс емес. Өмірде қиындықтарға кездескен, қолдаусыз қалған адамдармен, балалармен жеке жұмыс жасайды. Оларға жан шуағын, жүрек жылуын таратып, қиындықтарды жеңуге деген ынтасын оятып, ертеңгі күніне үмітпен қарауына жәрдемін тигізеді, демеу, қолдау көрсетеді. Сіздердің арқаларыңызда олар қоғамда еш қағажу көрмей өмір сүруде. БиылғыБұдан бірнеше жыл бұрын жоқтан бар жасап, аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығын құрдық. Күні бүгінге дейін жеке ғимараты болмағандықтан кәсіпкермен келісіп бір ғимаратты кәсіпкермен келісіп ашып отырмыз. Басқа аудандарда мұндай орталық жоқ. Қалада бар, бірақ, ол төрт сағат жұмыс жасайды. Біздерде толықтай жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған, қаражаттары бөлінген. Екі инво такси сатып алып бердік. Алға қарай Құрылысшылар ауылындағы бұрынғы құрылыс мекемесінің ғимаратын өзіміздің теңгерімімізге, коммуналдық меншікке алып, қайта жаңғыртып, қызмет көрсету орталығы қалдыру жұмыстары жүруде. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, аяқталатын болса, экспертизадан өткізіп, құрылыс жұмыстарына қаражат бөліп, ешкімге тәуелді қылмау жағын ойластырудамыз, - деп сала қызметкерлерінің отбасына берек, дендеріне саулық тіледі.
Сала қызметкерлері Айгүл Ғұмароваға, Айнұр Мұханбетшееваға, Айгүл Байғазиеваға облыс әкімінің, Айбат Төлепов, Ерлан Тарихов, Жастілек Унашевке облыстық мәслихаттың алғыс хаттарын табыс етті. Әлеуметтік саланың ардагерлері Гүлнар Өтепқалиева, Зәуре Ертаевамен қатар Сара Сапарова, Жаңылсын Мұхтарова, Элмира Ғұмарова, Әнуарбек Сәбитов, Нұргүл Қабдолова, Балзия Жанханова аудан әкімінің алғыс хатымен ұлығыланды. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров індет кезінде жеке кәсіпкер Ерлан Тариховтың демеушілік жасап, Астрахань қаласынан аудандық аурухана мен аз қамтылған отбасыларына 600 мың теңгенің дәрі-дәрмегімен көмектескенін ерекше атап өтіп, аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.
Марапаттау рәсімін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сейітжанова жалғастырып, Мейрамбек Сисенғалиев, Ғалия Сансызбаева, Зухра Ерғалиева, Алтынгүл Ғизатоваға бөлімнің алғыс хаттарын ұсынды. Әлеуметтік сала ардагерлері Зәуре Ертаева мен Гүлнар Өтепқалиева көрсетіліп жатқан құрметке шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ