Абай атындағы орта мектептің 8 «г» сыныбының оқушысы Смағұл Рафаил - ертеңінен үлкен үміт күттірер жастардың бірі. Кішкентайынан өнерге жақын болып, өзінің әртістік қабілетін танытып келеді. Әлбетте, мұндай қабілет көрінгенге дари бермейді. Ол бала жастан қалыптасса, ержеткенде дами түседі. Смағұл мектептегі «Бойтұмар» театр клубының белсенді мүшесі. Театр қабырғасында өзін шыңдау үстінде.
Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің сахналық қойылымдарында және жақында жерлесіміз, ҚР Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов туралы түсірілген фильмде көрнекті ақынның рөлін сомдады. Қандай рөл тапсырылса да онымен біте қайнасып, соған дендеп еніп, кейіпкерін шебер ашып көрсетеді. Сахнада өзін ұстай біледі. Сонысымен өнері көрермен көңілінен шығады. Әкесі Қуаныш Шамарданов аудан әкімі аппаратында бас маман-есепші болып жұмыс жасайды, анасы мұғалім. Қазірдің өзінде өмірін өнермен байланыстырып жүрген Смағұлдан болашақта жақсы әртіс шығары анық.