Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанын, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екенін ескертіп отандық яғни ішкі туризмге үлкен маңыз беру қажеттігіне тоқталған еді. Осы орайда аудандық жас туристер бекеті өз жұмыс жоспарына сай өткен аптада халықаралық туризм күнінің құрметіне білім беру қызметкерлері арасында туристік слет өткізді.
Шара спорттық-сауықтыру туризмінің түрлері және ерекшеліктерін көрсету, туған өлке жайлы білімді терең меңгерту және дамыту, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық тәрбие жұмыстарын насихаттау мақсатын көздеді. Туристік слет Кудряшов ауылындық округіне қарасты Петухов орманының әсем табиғаты аясында қызықты әрі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Еділ Баяров және Кудряшов ауылдық округінің әкімі Бахтияр Вахитов сөз сөйлеп, ауданда саланы дамытуда жас туристер бекетінің атқарып отырған рөлін ерекше бағалап, сайысқа түсетін командаларға сәттілік тіледі.
Екі күнге жоспарланған слетке аудандағы 21 мектептің командасы қатысып бақтарын сынады. Бір сәтке негізгі жұмыстарынан демалып, әсем табиғат аясында бас қосқан мұғалімдер белсенділік танытты.
Бес номинация бойынша өзара жарысқан командалар тартысты әрі қызық ойын өрнегін көрсете білді. Туристік техника мен конкурстық бағдарламада Ақкөл жалпы орта мектебі үздік шықса, арқан тартыста Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары мықтылық танытты. «Түнгі лабиринт» жарысы мен садақ атуда Ломоносов атындағы жалпы орта мектебі алдына жан салмады. Бес сында да біркелкі жақсы өнер көрсеткен олар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Ақкөлдіктер мен еңбекшіліктер екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Слеттің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, белсенділік танытқандарға Алғыс хаттар табысталды.
Қуаныш ЗАЙЫРОВ