Сайлауалды бағдарлама орындалысымен құнды

(0 Votes)

«Amanat» партиясының  аудандық филиалында партиялық фракция отырысы өтті. Филиал төрағасы Ерлан Хисметуллин отырысты ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов партияның сайлауалды бағдарламасының орындалмау тәуекелдері бойынша тармақтарына қатысты қысқаша хабарлама жасады. Оған кіретін алты тармақ – ірі қара малды бордақылау алаңы мен мал сою пункті (№16 тармақ), Құрманғазы ауданында тауарлы балық өсіру шаруашылығын салу (№21 тармақ), инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2025 жылы 113 жер телімін бөлу (№38 тармақ), аудандық маңызы бар «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4-ші разъезд-Қиғаш» автомобиль жолын қайта жаңғырту (№39 тармақ), сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету (100%), оның ішінде, шағын ауылдарда кешенді блок-модульдерді орнату (№40 тармақ), орман қоры жерінде 249 гектар жерге 620 мың екпелерді отырғызу арқылы орман қорын ұлғайту (№44 тармақ). Осылардың ішінен фракция отырысында талқыға түскені Қошалақ, Ниетбай елді мекендерін ауыз сумен қамтуға қатысты №40 тармақ.

Аудан әкімі Абат Жанғалиев Қошалақ ауылында  6 үй қалғанын, басқаларының арасы 5-10-20 шақырымнан кем еместігін, Ниетбайда тек 1 ғана үй барын, қалғандары тұрақты емес, барып-келіп істеп жүргендер екенін алға тартты. Қатысып отырған фракция мүшелері мұндай жағдайда Ниетбайға су апару негізсіз екенін айтты. Аудандық партия филиалының төрағасы Ерлан Уәлитханұлы облысқа барып, жалғыз ғана үй қалған Ниетбайдың  елді мекен статусын өзгерту жөнінде сөйлесіп, орындалмайтын  №21 және №40 тармақтарды партияның сайлауалды бағдарламасынан  алдыртып тастау  керек деген өз ұсынысымен  бөлісті. Фракция мүшелерінен аудандық мәслихаттың депутаттары Есболат Құбашев Афанасьев ауылына кірме жолды жөндету, Әнуарбек Сабитов Хиуаз ауылын денешынықтыру-сауықтыру кешенімен, Ерлан Аманжанұлы Мақаш ауылын ауыз сумен қамтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.Туындаған сұрақтарға қатысып отырған аудандық дербес бөлім басшылары тарапынан жауаптар қайтарылды. «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин фракция отырысын қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Жаңа жылмен құттықтап, жемісті еңбек тіледі. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT