Сайлауға дайындық пысықталды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің  сайлауын өткізуді пысықтау мақсатымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары  қатысты.

bolat-braliev

Отырысты аталған комиссияның төрағасы Болат Бірәлиев ашып:– Сайлау комиссиясының негізгі күнтізбелік жоспарына сәйкес істелетін, қазірден бастап атқарылуға жататын басты жұмыстармен  таныстырайын. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар  басталды. Қазір сайлаушылар тізімімен жергілікті атқарушы орган айналысып жатыр. Осы айда өңірдегі барлық сайлаушылардың саны шығарылады. Содан кейін, 20 қазан күнгі ақпаратпен  жалпы саны белгіленеді. Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларын басшылыққа алған  аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауданымызда  233 мүшесі бар  1 аумақтық, 36 учаскелік сайлау комиссиясын құрды. Комиссия құрамы, орналасқан жері, шекаралары туралы арнайы сайтта және 30 қыркүйек күні облыстық  «Атырау» газетінде  жарияланды. Сайлау комиссияларының мүшелері мемлекеттік органның мүшелері болып табылады және оның қорғауынан тыс қалмайды. Олар сайлау өткізу кезеңінде өздерінің келісімінсіз жұмыс берушінің ұйғарымымен қызметінен босатылмайды немесе басқа жұмысқа ауыстырылмайды. Сонымен қатар, сайлау комиссиясы мүшелеріне ағымдағы жылдың 20 қазаны мен 20 қарашасы аралығындағы жұмыс күніне жалақы және үстеме жұмысына, мереке кезінде қызметте болуына, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізу жөніндегі қаражат есебінен жүзеге асырылады. Дауыс беретін үй-жайды жарақтандыруға қажетті материалдарға, керекті маталарға, дауыс беру жәшіктеріне, кеңсе тауарларына сұраныстар жіберілді. Жанар-жағармай талон арқылы берілуі мүмкін, жүргізушімен өздеріңіз келісімшарт жасайсыздар, - деп қатысып отырған учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары мен хатшыларына  комиссияның бекітілген құрамын мүмкіндігінше өзгертпеуді, сайлауға түсетін үміткерлер туралы ақпараттар халыққа қолжетімді болуын тапсырды. Нақты мерзімімен жасалатын жұмыстарды назарға ұсынып, жауапты науқанды ұйымшылдықпен атқарып шығуға шақырды. Одан әрі қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT