Аудан әкімдігінде Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде тұңғыш рет өткен партияның сайлауалды іріктеуінің қорытындысымен, оған белсене қатысқандарды ұлығылау рәсімі өтті.
Аудан әкімі Қайрат Талапұлы құттықтау сөзінде:
– Праймериз өткізу жөнінде «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бастама көтерген еді. Оның қарсаңындағы үндеуінде партия билікке өз мамандарын, беделді көшбасшыларды, еліміздің тағдырына жаны ашитын, тиімді шешімдер қабылдап, сындарлы ұсыныстар енгізуге қабілетті адамдарды тарту керек деген болатын. Бұл тарихи шара мемлекетімізде алғаш рет өтті. Барлығы ыңғайлы және ашық түрде ұйымдастырылды. Біздің ауданымызда да жоғары деңгейде өткеніне өздеріңіз куәсіздер. Бұрын ортамызда болмаған белсенді жастарды көрдік. Көптеген пікірталастар болды. Оларға қатысып отырған кезде жастардың заманға сай жоспарларын естідік. Біраз мәселелер ортаға салынды. Партияішілік сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша облыста 97 пайызды иелендік. Ол 60 мыңға жуық халқы бар аудан үшін үлкен көрсеткіш. Шалғайдағы Азғыр өңірі де дауыс беруден тыс қалмады, - деп қатысушыларға облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы мен өзінің атынан ризашылығын білдірді. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі М.Досмұхамбетовтың алғыс хаттарын Қанат Рысқалиевке, Ағаділ Зейнеденовке, Жеңіс Бисеновке, Нұргүл Сұлтановаға, Гүлсара Мүтиеваға, Бақытжан Сариевке, Кәмшат Меңдіғазиеваға, Нұрлан Құсайыновқа, Гүлжанат Қалиеваға, Бержан Кенжебаевқа, Сабыржан Сұлтановқа, Элмира Хайруллинаға, Нұрлан Өтегеновке, Рүстем Тоқаевқа, Саягүл Бақтыгерееваға, Ернар Боранғалиевке, Амангелді Ғалихановқа, Қанат Ғұмаровқа, Мария Жүнісоваға, Нұрлан Тайыровқа табыс етті.
Праймеризге қатысушылар атынан, аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Кенжебаев сөйлеп:
– Партияішілік сайлаудың ауданда ұйымдастырылуын аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық партия филиалы саяси кеңесінің мүшесі ретінде жоғары деңгейде өтті деп бағалаймын. Модератордан бастап, пікірталасқа қатысқан жастардың бәрі белсенділік танытты. Үлкен жетістікке жетіңіздер, алға қойған мақсаттан тайынбаңыздар. Өткенде де айтқанмын, осы мінберде де партия мүшесі ретінде қайталаймын, белсенді жастар барлық жоспарларыңыз тек пікірталас аясынан шықпай қалып жүрмесін. Мүмкіндігінше жүзеге асыруға тырысыңыздар. Аманат арқалаған сол жастарды саяси кеңеске де қатыстыру қажет деген ұсыныс жасаймын. Біздер, аудандық мәслихат депутаттары Гүлсара Нұрмұхамбетқызы, Нұрлан Меңдіғалиұлы, Теңел Дидарханұлы жастарға жол ашайық деп көп белсенділік көрсетпей, кездесулерге сирек барып жүрдік, - деп қатысушыларға алдағы күндерде сәттілік тілеп, аудан әкімі Қ.Нұртаевқа праймеризді жақсы ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Шаран аудан әкімі Қайрат Талапұлы қорытындылап, еліміз тыныш болсын, алдағы уақытта да амандықта кездесейік деген тілегін жеткізді.
Айнагүл Шакупова