Сайлауға 507 бақылаушы қатысты

(0 Votes)

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына аудандық мәслихат депутаттығынан үміткер ретінде түскендер мен сайлауалды штаб мүшелері бас қосты.

Шараны аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, сайлауалды штабтың төрағасы Өмірболат Есенғазиев ашып, барлық қатысушыларға көрсеткен белсенділіктері үшін және штабтың атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.

– Штабтың құрамында 13 адам жұмыс  жасады. Өкінішке орай бүгінгі жиналысымызға індетке байланысты үлкендеріміз қатыса алмады. Біз орталық аппарат алға қойған 178 шараны толығымен орындадық. Жасалған жұмыстың есебі уақытында беріліп отырды. Соның нәтижесінде ескертулер алған жоқпыз. Сайлау барысында бізде басқа партияларды жамандау, өзге де келеңсіздіктер орын алған жоқ. Бәрі жақсы өтті. Тіркелген 36160 сайлаушының 26700-і дауыс беруге қатысып,73,8%-ды құрады. Партиямыз 79,79 % дауыс алды. Облыс бойынша сайлау учаскелері бізде көп болса да, 39 учаскеде бірде-бір заң бұзушылық болмады. Осы сайлауға барлығы 507 бақылаушы қатысса, оның 117-сі «Nur Otan» партиясынан, 390-ы басқа партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан және тәуелсіз бақылаушылар. Тағы бір айта кетер жайт VI шақырылымда депутаттар құрамының орта жасы 51-ді, әйелдер 22%-ды, 35 жасқа дейінгілер 7%-ды құраса, VII шақырылымда орта жас 45, әйелдер 33%, 35 жасқа дейінгі жастар 23% болып отыр. Аудандық мәслихатқа партиямыздан 11, «Ақ жол» және «Ауыл» партияларынан бір-бір үміткерден өтті. Биылдан бастап елімізде даму жүреді. Бұрын кейбір жұмыстарды жасауда бюджеттен ақша бөлінбей қолбайлаулар кездесті. Енді аудандық даму бағдарламасының да ақшасы бекітіліп келеді. Олардың орындалысын бақылауға аудан әкімдігімен қатар партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия да атсалысады, - деп, партияластарына сәттілік тіледі.

Аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Болат Жүгінісов:

– Сайлау індетке қарамастан жақсы ұйымдастырылды. Сіздердің халық алдына шығып кездескендеріңіздің кәсіби қызметтеріңізде пайдасы зор деп есептеймін. Депутат болу оңай шаруа емес. Халыққа жақын адамдар болуларыңыз керек, - деп жаңадан сайланған әріптестеріне сенім білдірді.

Сайлауалды штабтың мүшесі Рифхат Сұлтанияев:

– Сайлау жаңа заң бойынша іске асты. Бұрын әр округтен сайланып, солардың мәселесін көтеретін едіңіздер. Енді елге қызмет етесіздер. Бұған дейін біздер жастарды кадрге тарта алмайтынбыз. Праймериз олардың өздерін көрсетуіне мүмкіндік жасады, - дей келе бірлік пен ынтымақтастықта жұмыс жасаңыздар деген ізгі тілегін жеткізді.

Осындай ыстық ықыласын жеткізген партияның аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бержан Кенжебаев:

– Бұл сайлау бізге үлкен міндеттер жүктейді. Партиялық бақылау комиссиясы аудандық даму бағдарламасының өз дәрежесінде жүзеге асуына  атсалысуы тиіс. Ел дамуына үлес қосу баршамыздың ортақ міндетіміз. Оны сіздер лайықты атқарады деген сенімдемін, - деді.

Шараны «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев қорытындылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521