Сағыздай созылған жұмыстар сынға алынды

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің төрағалығымен өткен үлкен жиынға аудан көлемінде салынып жатқан, әлі бітпеген кірме және ауылішілік жолдар, мәдениет үйлері мен денешынықтыру-сауықтыру орталығы, спорт кешендері, балалар ойын алаңдарының мердігер мекемелері басшылары мен өкілдері қатысты.

Алдымен құрылыс саласы бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайлы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Сиражевтің хабарламалары тыңдалып, талқыға түсті.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы кейбір мердігер мекемелер басшылары мен өкілдерін орындарынан тұрғызып, жұмыс не себепті дұрыс жүрмей жатқанын сұрады. Алайда, қанағаттанарлықтай жауап болмады. Қатысып отырған депутаттар өз тарапынан мердігерлердің жұмысын сынға алды. Техникалық қадағалаушылар да сын садағына ілікті.

Аудандық мәслихаттың депутаты Нұргүл Дүйсенбайқызы:

– Бөкейхан ауылына тартылып жатқан ауыз су желісінің техникалық қадағалаушысы қайда жүр? Жұмыстың сапалы шығуына сол жауапты емес пе? Мен бұл нысанды қадағалаймын деп ескерттім. Құбырды қалай болса солай салып жатыр. Осы техникалық қадағалаушыға шара қолдану қажеттігін екі жылдан бері айтып келемін. Ауылда ауыз су жоқ, тұрғындар 4 мың теңгемен су таситын көліктен сатып алуда. Абаттандырамыз деп 49 млн. теңгеге терек егілді, оны қалай суармақшы? Мектептің әжетханасында, өрт сөндіру мекемесінде де су жоқ, – деп аудандық құрылыс бөлімі салынып жатқан нысандарға үлкен жауапкершілікпен қарауы қажеттігін жеткізді. 

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева:

– Он жылға созылып әлі бітпей келе жатқан нысандар бар. Қалпына келтіреміз, бітіреміз деген жауаптан басқаны естімейміз. Қашанға дейін бұлай бола бермек? Біздер халықтың жанайқайын жеткізіп отырмыз. Бөкейхан ауылында өтетін жиналысқа мердігерлер қатысып, халыққа жауабын берсін. Ойын алаңдары сапасыз салынып, құлап жатыр. Оларда бірде-бір жасыл желек жоқ. Жарықта тартылмаған. Бір техбақылаушы бірнеше нысанда жүреді, – деді. Басқа да депутаттар тарапынан мердігерлерге бірқатар сұрақтар беріліп, қайтарылған бірсарынды  жауаптар олардың көңілінен шықпай жатты.

Мердігерлердің уәждарын тыңдаған  аудан әкімі Абат Жанғалиев:

– Мақаш ауылында ойын алаңдарын құм басып, Орлыда есіктері, Жапырықта ойыншықтары сынып қалған. Котяев ауылының орысша атауы әлі ауыстырылмаған. Алға қарай мердігер мекеменің техбақылаушысы құрылыс басында болмаса, акт жасалады. Бәріміз халық үшін жұмыс жасап отырмыз. Сіздер де содан нәпақа тауып жүрсіздер. Жұмысты алған екенсіздер, уақытында сапалы түрде бітіріңіздер. Қазір сіздердің немқұрайлылықтарыңыздан Бөкейхан ауылында су, Хиуаз бен Орлыда жол жоқ, стадионда бітпеуде. Сафонда өзен бойын қашан қазасыздар? Неге бүкіл техниканы бір каналға салып жұмыс жасамайсыздар? Біресе анау, біресе мынау жерін қазып, ортасы қалып қояды. Оны тұрғындар маған айтып шағымданады, – деп кейбір жұмыстарды енді сағызша созбай бастауға мерзім белгілеп, сол уақытта жасалмаса сотқа берілетінін ескертті.

Өткір сындар айтылған нысандарды бақылауда ұстауды аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Сиражевке тапсырды.  

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT