Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаева қарындасымыз еңбек демалысында жүр екен. Соған қарамастан мал азығын дайындау барысы жөніндегі мәліметті қағазға үңілместен судыратып айтып берді.
–Біздің ауыл тұрғындары да балықшылықты ұзақ жылдар кәсіп еткендерімен соңғы мерзімде мал шаруашылығына көбірек көңіл аудара бастады. Төрт түлік мал өз төлі есебінен көбейіп, жыл сайын саны арту үстінде. Сондықтан, мұндай маңызды науқанда еңбек демалысы екен деп, сырт қала алмаймыз. Науқанның жүру барысын қадағалап, шөпшілермен шүйіркелесіп, мәліметтерді күн сайын алып, түгендейміз,-дейді тәжірибелі ауыл әкімі.
Айтса айтқандай, сафондықтар өздеріне қажетті пішендерін дайындап бола келген.Шаруа қожалықтары бар, жекенікі бар алдағы қысқа 4800 тонна шөп қажет екен, соның 2800 тоннасын тұрғындар, күні бүгін 2000 тоннадан астамын шаруа қожалықтары дайындап үлгерген. Мал азығын дайындау жалғасын табуда.
“Шестау”аталатын учаскенің қожасы Өтешов Құмар, “Солдатский” деген аралдың иесі Теміров Қамидолла,“Разбугор, “Тамбура” аталатын көк майсалы алқапта тер төгіп жүрген Мағзомов Байболаттың, “Кәмшат” теліміндегі Жұмақашев Бауыржанның қимылдары ерен. Өздеріне қажеттерін артығымен алса да, орақ көтеруді әлі ерте деп отыр. Дұрыс, ағайынға, қолы қысқа ел-жұртқа көмектесулеріміз қажет деген ортақ пікірдегі азаматтарға құдай да қарасқандай пішен шығымдылығы да, сапасы дакөңілге қонады. Күн ашық, теректері ырғалған, шабындығы жайқалған алқаптардағы техника гүрілі алыстан құлаққа шалынады. Ертеңгі күннің ырзығы үшін арпалысып жатқандардың еңбегі елеуге тұрарлық.
Т. Дәрелұлы