Өз ырқына әуелеп бағындырған
Көмейіңе күн көзін табындырған.
Көңіліңнің жуатын кіршең тұсын.
Сағындырған әндер – ай, сағындырған, - дегендей, Мақаш ауылдық округіне қарасты Морской ауылдық мәдениет үйі өнерпаздары ауыл тұрғындарна ескі әндерді әуелеткен «Сағындырған әндер-ай» атты ән кешін тарту етті.
Өз уақытының әсем сазы болған әндер әлемі көрерменмен қайта қауышты.
Өнерпаздар Н.Тастемірұлы, Ғ.Карлұлы, Т.Орынбасарұлы, Н.Әбутәліқызы, Б.Шамұратқызы, А.Махамбетов, Б.Ділжанов, Р.Сайп және құрамында жас өнерпаздар бар дуэт, квартеттер ән өнерінің негізін мәрмәрдан қалап, есімдері алтын әріппен жазылған Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиевтердің «Тұмарым»,«Теріскей»,«Әке туралы ой» , «Жезкиік», «Әнім сен едің» , «Қызылқұмды ауылым» , «Дүңген қызы», «Куә бол» т.б әндерін орындап көпшіліктің көңілін жадыратты.Эстрадамен қатар вокалды аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен де әндер шырқалып көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында ауыл үлкендері ризашылықтарын білдіріп , «Мұндай кештердің аға буын өкілдерін жастық шағына сапар шектіріп, өскелең ұрпаққа төл мәдениетімізді жадынан шығармауына зор септігін тигізеріне күмән жоқ» -деген пікірлерін жеткізді.
Айгерім Сейтқалиева,
Морской ауылдық мәдениет үйінің әдіскері