Індет қажытқаннан сақтық шараларына салғырт қарайтындар көбейді.
Осындай қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан елді Мемлекет басшысы сабырға және сақ болуға шақырды. Себебі – бұл тек бір Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем елдері душар болып отырған жағдай. Қауіпті дерттен үрейленіп өмір сүргенімізге жылдан астам уақыт өтті. Өзге елдерде вирустың жаңа штамдары пайда болуда. Бүгінде індетті жұқтырмау үшін ең бірінші кезекте мықты иммунитет қажет екенін қазір көпшілік жақсы түсінеді. Былтыр жаз мезгілінде тәжтажалмен бетпе-бет келіп, төсекке таңылып, вируспен күрескендердің қатарында белгілі кәсіпкер, «Алтын сапа» белгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбдібек Бисенов те болған еді. Ол жалпы инфекцияның белгілері, вирус қалай тарайтыны, қандай сақтық шараларын ұстану қажеттігі жөнінде оқырманмен ой бөлісті.
-«Саулық – сақтықта» деп қанша айтылса да, әлі күнге дейін көпшілік арасында бұл тәртіп сақталмайды. Қоғамдық орындарда 1,5 метр ара қашықтықтың қажеттілігі ескерілмейді. Сондай-ақ бетпердені бір орынға барып келгеннен кейін қайтадан пайдаланбау да маңызды. Бұдан басқа, санитайзерлер кез-келген жерде болуы шарт. Тіпті үйдің кіреберісіне де орнату қажет. Той-садақа, түрлі жиындарға барушылардың тыйылмай тұрғаны шындық. Жасы 65-тен асқан, созылмалы ауруы бар адамдар үйден шықпағаны жөн. Егер дене температурасы әлсін-әлсін көтеріле бастаса, дәрігерге жолығып, тез күшті антибиотиктердің уколын, дәрісін күніне 2 рет қолдана бастаңыз. Ұйықтар кезде етпетіңізден немесе қырыңыздан жатуды естен шығармаңыз. Ұйықтағанда адам тек бір өкпемен демалатынын ұмытпаңыз, қайта аударылып екінші өкпені жұмыс жасатуға тырысыңыз. Ауырдым деп күні бойы жата бермеңіз, қозғалып жүруге талпыныңыз. Тәбетіңіз тартпаса да тамақтану қажеттігін есте ұстаңыз. Әсіресе, сорпаны жиі пайдаланған жөн. Аузыңызды құрғатпай суды да мол пайдаланған абзал. Терезені үнемі ашық қойып, бөлмені желдетіңіз. Ішіңіз судай өте бастаса, оны дәрі ішіп тоқтатып тастамаңыз. Барынша ішке түскен вирустан тезірек құтылуға асығыңыз. Дем алған сайын жөтел қысып бара жатса юфилин, дексаметазон қоспаларын тамырдан салдыртыңыз. Бұлардың маған жақсы көмегі тиді. Дәріден бөтекеңіз сыздап, сұйық дәрет азайып кетсе, тарының сүтін 20 минут сайын үлкен қасықпен ішіңіз. Әрине, жақсы көңіл күй де науқас адамға үлкен күш береді. Сондай-ақ қасыңызда әңгіме айтып, кітап оқып, аяқ-қолыңызды уқалап, үстіңізді арақпен сылап, басыңызға, желкеңізге салқын сулы орамал басып отыратын жақын адамыңның да көмегі көп.
Вирус антибиотикке өлмейтін болар, бірақ оның көп дозалары инфекцияның көбеюіне жол бермей, ағзадағы белсенділігін тоқтатып, қашуға мәжбүрлейді. Бұл менің жеке ойым, айналамдағы емделген адамдардың әңгімесінен жасаған тұжырымым. Оған қоса, өзім де ауырғаннан кейін ем-дом жасау шараларынан біршама тәжірибе жинақтадым. Аз да болса, өзгелерге пайдасы тисін деген оймен сіздермен сұхбаттасуды жөн көрдім, - деген Әбдібек ағамыз әр адам вируспен күресте әлсіреп қалмай, оның алдын алып, оқшауланудың маңызын түсініп, сақтанбасаң – сан соқтыратынын алға тартады.
А.Шакупова