Сақ болыңыз, жолда мал бар!

(0 Votes)

Атырау жол дистанциясы - көршілес Ресей мемлекетінің Астрахань облысынан Ақтөбе облысына дейінгі Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Мақат, Қызылқоға аудандарын қамтитын іргелі мекеме. Осы мекеменің бүгінгі бір мәселесі қараусыз малдың теміржолға шығуы болып тұр.

Өріске шығып, темір жол бойына жайылған қараусыз мал локомотивтердің шұғыл тежеу қолдануына әкеліп соқтырады, соның салдарынан поездың қозғалыс кестесі бұзылады. Сонымен қатар теміржолды қардан, топырақтан қорғау үшін жол жиегінде тұрғызылған екпе ағаштар мен қолдан жасалған қорғаныс құралдарын, сым қорғаушыларын бүлдіреді.

Малды теміржолдың айналасында бағудың өз ережесі, тәртібі бар. Әр елді мекеннің, шаруа қожалықтың мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. ҚР 2001 жылғы 8 желтоқсандағы «Теміржол көлігі туралы» нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес нұсқаулық бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 м қашықтықта арқандаулы бағуға, ал теміржолдан 2000 м қашықтыққа дейінгі мал үнемі қадағалаумен бағуға рұқсат етілген. Егер осы заңдылықтар сақталмаған жағдайда, ҚР Заңының «Көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы 30-бөлімнің 559-бабына сәйкес әкімшілік шара қарастырылады.

Ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Ганюшкино-Атырау, Атырау-Сағыз учаскелерінде 30 мал басу оқиғасы орын алды. Мал иелерінің көпшілігі жергілікті табиғат жағдайы мен су тапшылығына орай малды бос жіберетінін айтуда. Қалай десек те, малдан ешкім зардап шекпеуі керек. Сондықтан да аудандық әкімшіліктер ауылшаруашылық малдарын бағу ережесін қарастырып, теміржолдан тыс жерлерге шығарып бағу орындарын белгілеп, қатаң қадағалауға алса дейміз. Өйткені теміржол бойындағы қараусыз малдың артында ең алдымен адамның өмірі, экономикалық-материалдық шығындар жатқанын естен шығармағанымыз абзал.

А.Б.Жылқыбаев

Атырау жол дистанциясының бастығы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT