Сақал қою - парыз емес

(2 Votes)

Бұл көпті, әсіресе, жастар жағын толғандырып жүрген мәселелердің бірі. Ислам дінінде сақал қою міндет емес, бірақ сүннет делінген.

Ғалымдардың пайымдауынша сақал қою – Пайғамбарымызға (с.а.у) ұқсаудың үлгісі ғана. Егер сақал қою парыз болса көсе адамдар қайтпек? Онда олар дінге кіре алмайды. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің сүннетін ұстауды тапсырғанымен, сақал қоюды міндеттемеген. Демек, бұл бекітілмеген сүннет.    

Сақалға қатысты хадистердің бірінде: «Пайғамбарымызға (с.а.у) мұрты кеудесіне түскен бір елші келді. Алла елшісі одан неге мұртын қысқартпайтынын сұрағанда: «Мұны маған әміршім бұйырды», деп жауап қатты. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Маған Алла Тағала сақал қоюды бұйырды», деді» (Имам Бухари) десе, екіншісінде: «Сақал-мұрттарыңды қысқартып жүріңдер» делінген. Исламда төрт мазһаб бар. Ханафи мазхабында сақалдың бір тұтамнан аспауы сүннет. Малики мазхабында сақал қою – уәжіп. Оны қырып тастау күнә. Алайда, мөлшерден тыс өсіп жатса қысқартуға болады. Шәфиғи мазхабында сақалды қыру – мәһрук (ұнамсыз әрекет), алайда харам емес. Ханбали мазхабы да сақалды уәжіп (міндетті) амалға жатқызады. Көріп отырсыздар төрт мазхаб та сақал қоюды парыз етпейді. Мысыр еліндегі пәтуа шығару басқармасы 2013 жылғы 7 қаңтардағы баяндамасында: «Сақал қою парыз емес, мұстахаб», деген.

Христиан, иуда дінін ұстанатындар да сақал қояды. Алайда, оларға тиісіп жатқандар жоқ. Мұсылман сақал қойса, қорқынышпен қарайды. Ондай тұрпайы көзқарас танытпай, Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін ұстанудың бір көрінісі деп түсінген дұрыс. Қазіргі жастарымыз парыз бен  сүннетті ажырата алмай жүрген секілді. «Жұмыстан сақалыңды қыр», деген соң шығып  кеттім», дегенді естиміз. Неге? Бекітілмеген сүннетті орындамағаннан иманың әлсіремейді ғой. Жалпы, иманды сақалмен өлшеудің өзі мүлдем қате пікір. Себебі, сақал қоймағандар және қоя алмайтындарды имансыз немесе иманы төмен деп қалай айтамыз? Сақалсыздардың арасында да жүзінен мейірім төгіліп тұрған азаматтар жетерлік.

Көп нәрсе дінді дұрыс түсіне алмай, қиындатып алуымыздан туындайды. «Пайғамбар сүннеті», деген тіркестің мәні мен ақиқатына толық бойламаймыз. Дінімізде сақалдың нақты айқындалған орны жоғын, ол табиғи келбет болғандықтан да еркектің жеке мәселесі екенін түсіне бермейміз. Яғни, құлшылыққа кірмейтін діннің сыртындағы мәселе болып саналады. Ұнаса, жарасса қой да, күтіп ұста. Егер діни танымға кірер болса, онда намаз, ораза, зекет, қажылық, дәрет сияқты сақал да парызға айналар еді. Сондай-ақ, адамның Алламен байланысындағы ар, иман, ақыл мен жүрек әрекеттеріне де жатпайды. «Дін – ұстана алсаң қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің» деп қазақ бекер айтпаған. Оны кез-келген мәселенің қолшоқпарына айналдыра бермей, қоғамдық мәселені заманның ағысымен, халықтың дүниетанымымен сабақтастыра отырып қарастырған жөн. Түймедей мәселені түйедей етіп, дінімен сағына қауышқан қазақ халқының оған  деген көзқарасын теріске шығарып, сақалдың үкімімен жұртты үрейлендіру асыра сілтеушілік болып табылады. Бұған қоса мұсылман адам тазалыққа да мән бергені жөн. Яғни, сақалды ұсқынсыз етіп, қалай болса солай қараусыз өсіруге болмайды. Себебі, Ислам тазалықтың діні. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі сырт келбетіне жақсы қарағаны туралы деректер жетерлік. Сондықтан кез-келген мұсылман  тар ойдың аясында қалмай, қоғамды тазалыққа, мейірімділікке тәрбиелеуге тырысуы керек. 

Ақпарат көздерінен дайындаған

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT