Сұрапыл соғысқа сұранып аттанған

(0 Votes)

Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қырғын соғыстың аяқталғанына да 75 жылдың жүзі болыпты.

Тарих шежіресінде Екінші дүниежүзілік соғыс, ал бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атанған сол бір сұрапыл жылдардың жылнамасында талай-талай қазақ жауынгерлерінің ерлік өнегесі көмескіленіп жатыр десеңізші. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы көптеген қиындықтарды бастан кешірген Әжігерей Мерхановтың майдан жолы.

Ол 1923 жылдың желтоқсан айында Нұржау ауылдық кеңесінде балықшы отбасында дүниеге келген. Осындағы мектепті аяқтаған соң, ұжымшарда есепші болып жұмыс жасаған. Бейбіт өмірдегі берекелі тірлігі осылай жалғасып келе жатқанда, Ұлы Отан соғысы басталады. Замандастары секілді Ә.Мерханов Кеңес Одағын Отаным деп білді, оған деген патриоттық сезім жалындап тұрды бойында. Осылайша Отанына деген құрметі ерекше 18-ге тола қоймаған балаң жігіт жергілікті әскери комиссариатқа бірнеше рет келіп, өз еркімен майданға сұранады. Сөйтіп, тілегі қабыл болып, 1942 жылдың маусым айында Кеңес Армиясына шақырылады. Гурьев қаласындағы жаяу әскерлер училищесінде 6 ай мерзімде даярлықтан өтіп, содан кейін майданға аттанады. Ә.Мерханов өзінің жауынгерлік жолын 35 гвардия атқыштар дивизиясы 102-ші атқыштар полкінің құрамында Сталинград қаласын қорғаудан бастайды. Атқыштар бөлімшесінің командирі, сержант шенін алған ол көптеген кескілескен ұрыстарға қатысады. Сол жылдың 31 желтоқсанында Сталинград облысындағы Руднево селосы үшін болған шайқаста жараланып, әскери госпитальда емделген. Жарақаты жазылып, сауыққаннан кейін 23 танк корпусы 135-ші танк бригадасының әуелі автоматшылар, содан соң пулеметшілер бөлімшесінде соғысты жалғастырады. Дон бойында, атақты «Курск иініндегі» ауыр шайқастарға қатысады. Майдандағы қиын күндер тізбегі осылай өтіп жатты. 1943 жылы шілде айында Орел қаласын жаудан азат ету ұрысында екі аяғынан ауыр жараланып, ес-түссіз жатқан уақытта майдан даласынан қарулас досы, украин жігіті Дмитро Бугай арқалап алып шыққан.

Жарақаты ауырлығына байланысты бірнеше далалық госпитальдарда емделгенімен 1943 жылы қазан айында әскерге жарамсыз болып, елге оралған. Шаруашылықтарда есепшілік жұмысын жалғастырып, қоғамдық істерде белсенділік танытқан. Өзінің кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Саратов қаласындағы жоғары экономикалық институтының «Ауыл шаруашылығын жоспарлау» бөлімін сырттай оқып бітірген. 1962-1976 жылдар аралығында Калинин атындағы кеңшарда бас экономист болып қалтқысыз қызмет атқарды. 1976 жылы «ХХV-Партия съезі» атындағы кеңшардың алғашқы құрушыларының бірі атанып, зейнет демалысына шыққанға дейін мамандығы бойыншаадал да, абыройлы еңбек етті.

Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін ақкөлдік қарулас досы Құспанов Сайпеден екеуі өздері жаудан азат етуге атсалысқан Сталинград, Курск, Орел қалаларына майдандас жолдастарымен кездесуге бірнеше рет барған.

Осылайша майданда батыр атанып, бейбіт күнде қажырлы еңбегімен таныла білген Әжігерей Мерханов зайыбы Зұлхарнаева Гүлжиян екеуі 11 ұл-қыз тәрбиелеп, баянды ғұмыр кешті. Жайсаң жанның жайнап өскен ұрпақтары әке дәстүірін жалғастырып, түрлі салада лайықты еңбек етуде.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT