Сәлем салу – салты ғой бұрынғының...

(0 Votes)

Қашан да салтынан жаңылмаған қазақтың - бетін ашып, оң аяқпен табалдырығын аттатқан келіні алғаш күннен-ақ үлкендерге иіліп сәлем салады.

Ата-бабадан жалғасқан бұл дәстүр кеңестік кезде ұмытылып, қазір қайта жандануда. Десе де, еліміздің оңтүстігі мен орталығында, Маңғыстау жерінде ғана дәріптеліп келеді. Ал, Атырау аймағында  енді-енді белең алуда. Кейде «біздің жақта қалың мал жоқ», «келін сәлем салмайды» деп төс қағатын кездеріміз де бар. Болашақта бір шаңырақтың түтінін түзу шығарар әйел ретінде ойлансам, неге әр ана өз қызына осындай әдемі салттың барын ұғындырмасқа,- деген ой келеді. Өйткені, басыңа ақ орамалыңды байлап, үлкенге «сәлембердік» деп тік тұрмай, иіліп сәлем берген көрініс қандай әдемі десеңші. Сенің тек тізе бүккеніңе бола олардың тамсанып, «бақытты бол» деген тілекпен алғыс арқалаған зор мәртебе емес пе?!

Алайда, орыстанғанымыз сонша, өзгеге еңкейгенді намыс көретін апайлар да бар. «Жоқты шығармай» деп тарс қойып, өзі жасамағанды қаракөзіне де қаламайды. Кейбірі, бастапқыда олай қалыптаспаған соң ұялады. Тіпті, соңғы уақытта бұл дәстүрді сынайтындар да пайда болған. Дүбәрә блогерлер ширкке балайды екен. Олардың пікірінше, адам құдайдан басқаға иілмеу керек, демек, сәлем салу – серік қосумен пара-пар. Ал, ислам ғылымында иіліп сәлем беруді «Аллаға серік қосу», «ширк» деген ешқандай хадис-шәріптер кездеспейді. Дін ғұламалары да бұлай құрмет көрсетуді  шариғатқа жат деп баға бермеген. Көреген келіндер қайын жұртына иіліп сәлем беру арқылы ізгілік танытқан. Бұл  – әдептілік. Ешқандай келін табынып, тәңір тұтып иілмейді. Сондықтан да ата-баба салтын «серік қосу» деп санау ақылға сыймайды. Дініне берік болған, дәстүрі шариғатпен біте қайнасқан қазақ елі мұндай келеңсіздікке жол бермесі анық. Астарына үңілсек, келіннің сәлем салуы – инабаттылық пен парасаттылықтың белгісі. Тәрбиенің үлгісі. Соған сай, «басыңа орамал байлағаның – күйеуіңнің жолы болсын дегенің, иіліп сәлем бергенің – күйеуіңнің амандығын тілегенің» деген бабамыздан ғибратты сөз қалған. Осы салтты әжелер мен ақ жаулықты аналар өңірімізде қайта жандандырса, насихаттаса нұр үстіне нұр болмақ. Оны көрген бойжеткендер де көз көрген тәлімді бойына сіңіре бермек.

s

Бастапқыда келіннің сәлем салуын мен де құптамай, түрпідей көретінмін. Мәселен, менің айналамда тұрмыс құрған кей құрбыларым сәлем салады. Үйдегі маңғыстаулық келінім де. Алғашқыда ондайды еш жерден байқамаған соң,  маған жәймен қызық бола бастады. Шаңыраққа келген қонақтарға келінім иіліп сәлем етеді. Үлкендер онымен бірге «амансың ба? А, бақытты бол, айланайын»  деп сасып қалатын. Қайын жұртының осылай абдырауы – бұрын мұндайды  көрмегендігінен орын алған дүние. Бірақ, уақыт өте олар да келіннің сәлемін күтетін болған. Ал, арнайылап амандасқанға кім кесірлі сөз айтады? Керсінше, «өркенің өссін», «ғұмырлы бол», «дана ана бол», «ұл тап» сынды жақсы  тілектер жаудырылады. Расында,  тұрмыс құрған соң төменнен орын алатын келінге осындай мағыналы сөздер айтылып, бата берілгені қандай керемет?! Тіпті, тегін сауап арқалайсың. Сені жақтырмаған кісіге майыса еңкейгеніңнің өзі оның ойын өзгертіп жібереді. Осының бәрін көрген мен де оған қызығып,  «кейін босаға аттаған соң, солай жасаймын»,- деп іштей мақсат қойдым. Себебі, ондай бақыттан бас тартқым келмейтіні рас...

Жайдарлым Еркебұланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT