Абай. Ғасырдан астам тарихы бар Абай атындағы жалпы орта мектептегі салтанатты шара айбынды Әнұранымыздың шырқалуымен ашылды.
Дәстүр бойынша алғашқы сөзді алған жаңадан қызметіне кіріскен мектеп директоры Тілекші Медеуғалиева: - Жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Былтырғы жылы білім шаңырағынан қияға қанаттарын қаққан 34 түлектің 7-еуі мемлекеттік, 1-еуі облыс әкімінің грантын иеленді. Мектепте жаңа оқу жылында білім алғалы отырған 897 оқушыға 92 педагог дәріс береді. Биыл 1 сыныпқа 102 бүлдіршін қабылдануда. Олар 5 сыныпқа бөлінген. Осы оқу жылының өзіндік ерекшелігі - еліміздің білім беру ұйымдарының 4, 9, 10 сыныптары жаңартылған білім мазмұнына енеді. Мектебіміз 2018-2019 оқу жылғы ауданның рейтингілік қорытындысы бойынша талассыз І орынға шыққанын мақтанышпен айтамын. Бұл педагогикалық ұжым мен оқушылардың, білім ошағын уақытша басқарған Руслан Сахаевтың зор еңбектері екенін атап өткім келеді, - дей келе, республикалық деңгейде марапатқа ие болған ұсатаздарды дипломдармен ұлығылады. Облыстық тамыз форумында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мектептің білікті ұстазы Бақытгүл Өтегенованың өңіріне "ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері" төсбелгісін қадады.
Келесі кезекте Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім, әкелер ұйымының төрағасы Қайрат Сайфуллин мұғалімдер мен оқушыларға мерекелік құттықтауларын жеткізіп, оларға сәттілік тіледі.
Алтын белгіге үміткер түлектер 1 сынып бүлдіршіндеріне білім кілтін, сауат ашу оқулығын және спорт кубогын салтанатты түрде табыстады. Алғаш мектеп табалдырығын аттағалы тұрған балғындардың әзірлеген әдеби монтажы тамашаланды.
Алдағы оқу жылында ілім ошағының қамқоршылық және ата-аналар кеңестері, кәсіподақ ұйымының демеушілігімен ұйымдастырылатын "Табысты оқушы", "Табысты мұғалім", "Тарихи орындарға саяхат" атты жобалардың сертификаттары таныстырылды.
Шара барысында оқушылар алтын ұя мектебіне, аяулы ұстаздарына арнаған әсем әндерін шырқады. Алғашқы қоңырауды сыңғырлата соғу құрметіне 1 сынып бүлдіршіні Айсана Асхат пен 11 сынып оқушысы, оқу үздігі Асанжан Шарапов ие болды. Білім күнінің алғашқы сабағын өткізуге асығып тұрған оқушыларды білім шаңырағына кіргізу үшін мектеп директоры Тілекші Медеуғалиева мен 1 сыныпқа келген балақай Алихан Айболат лента қию рәсімін жасады.
А.Шакупова