Бұрын қариялар: «Алдыңнан үлкен адам кездессе, тоқтай қалып сәлем бер, кіші кездессе сәлемін ал!», деп отыратын.
Бүгінде адамдар таңдап амандасатын сияқты көрінеді. Оған дәлел, көшеде қарсы келіп қалғанда амандассаң, бетіңе бір қарап үндемей өтетіндер бар. «Амансыңба» деген жалғыз ауыз сөз қиындық келтіретіндей. Егер, төмен қарап, ой үстінде кетіп бара жатып естімесе, көңіл бөлмес едің. Жалт бұрылып қарайды, сосын үндемейді. Біз періште емес, пендеміз ғой, сәлеміңді алмағаны сол адамға деген шынайы көңіліңе дақ салады. Қанша жерден жұмсақ мінезді, кешірімді болғаныңмен, бір-екі рет солай істеген соң, келесіде «Сәлемдесуді қаламаса өзі білсін, осының алдында төменшектеуім дұрыс емес шығар», деп сен де үндемей өтесің. Себебі, қазақ: «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес», демей ме? «Дос көңілі бір ауыз сөзден де қалады», дегендей көңілге дақ түссе оның кетуі қиын.
Сәлеміңді алмағанда: «Бұрын сыртынан «Ол кісі кезінде сондай адам болған еді», деп мақтап жүрсем, оған татымайды екен. Мынау ақылы таяз біреу ғой», дейсің іштей. Мүмкін кезінде жоғары қызметте істедім деп шалқаятын шығар. Сол үшін емес, жасын сыйлап амандасамыз. Одан да жоғары лауазымды атқарған Дінмұхаммед Қонаевтың өзі қарапайым болған. Себебі, Алланың алдында адамның бәрі бірдей. Құдай біздің лауазымымызға, жасымызға қарап емес, жасаған жақсылықтарымызға сай дәрежемізді көтереді. «Ешкімді кемсітіп қарама, мүмкін ол Алланың алдында амалдарымен сенен жоғары тұрған болар. Сол себепті оның тілегі қабыл етіледі», демей ме исламда?! Дініміз жасына қарамай адамдармен амандасуды міндеттейді. «Сәлеміңді алмаса ренжіме, оның екі жақ иығында отырған періштелер: «Саған да аманшылық болсын», деп жауап қатады», дейді хадисте.
Бір мекемеде жұмыс жасаған ағамыз: «Қолыңда дүниең болмаса, қызметтен кетсең болды сені ұмытады екен. Біздің кезімізде сала ардагерлерін қамқорлап, кәсіби мерекеде үйлеріне барып, қол тимесе телефон соғып, сәлемдесіп, құттықтап, хал-жайын сұрайтын еді. Мерекеміз болған соң келіп қалар немесе телефон соғар деп елеңдеп жүресің. Тым-тырыс, өздері тойлайтын болар. Қазір сол салада істейтін кейбір жастар үйге келмегені өз алдына, көшеде кездессең сәлемдесуге жарамайды. Олар бізді танымағанымен, кезінде жұмыс жасаған жерімізде кімдер жүргенін біз білеміз ғой», деп ренжігені бар. Енді бір ауылдасымыз бұрын жақсы танитын ағасының бүгінде берген сәлемін алудан қалғанын айтады. Кезінде үйіндегі үлкен кісіге ренжіп қалған екен. Бірақ, сол үшін жаңағы ағасының алдында қандай жазығы барын түсіне алмайды. Оған біз де түсінбейміз. Бастысы, әркім өзінің ақылының деңгейіне қарай әрекет ететіні анық. Сол себепті ренжімейміз.
Мүмкін біреулердің көңілі болмашы нәрседен қалған да шығар. Алайда, оған кешіріммен қарамасақ, адамгершілігімізге сын. Түймедейді түгендей берсек, таудай қыламыз. Жақсылығын ұмытамыз. Біз сәлемдеспегеннен ол адамның мұрты қисаймайды. Болмаса ошағы опырылып ортасына түспейді. Таңы атып, күні батып, қысы өтіп, жазы келіп, бұрынғыша күнін көре береді. Тек, бізге деген көңіліне қаяу түседі. Бар екенімізге мән беруден қалады. Жалпы сәлемдесу де адамның мәдениеттілігін көрсететін айна. Жұмыс барысымен аудан әкімдігіне, мемлекеттік мекемелерге жиі барып жатамыз. Сонда лауазымды тұлғалар отырған орнынан тұрып келіп, сәлемдеседі. Кейбірі жасы үлкен болғандықтан басын изей салса да ризасың ғой. Ал, енді біреулер өзінен жоғары лауазымды адамды көрсе қос қолын ала жүгіріп, басқаларға саусағының ұшын ғана беріп паңданады. Оны көргенде «Сәлем де адам таңдай ма?» деген ойға кетесің. «Сәлем» сөздің атасы», деген сөз бар, тоқ етерін айтсақ сәлемдесіп жүрейікші, ағайын!
Қанат ҒҰМАРОВ