Үш жүз шақырымға жуық қашықтықта жатырған Азғыр өңірінде дәріхана ашу көптен бері көтеріліп келе жатырған өткір мәселе.
Бұл жеке кәсіпкерлер арқылы іске асатындықтан осы уақытқа дейін оң шешімін таппай келді. Жолдың қашықтығынан, қиындығынан қаша ма әйтеуір кәсіпкерлер құлықсыздықпен қарады. Нәтижесінде қыр өңірінің тұрғындары дәрі-дәрмекті шалғайда жатырған аудан орталығынан, Ресейдегі Харабайлы қаласынан тасыды. Ал, ауылдан басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса, емге қажетті дәріңізді таппайсыз. Енді, міне, «Ең болмаса үш округтің ортасында қыр өңірінің он мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін бір дәріхана болса екен» деген азғырлықтардың тілегі орындалды. Ауылдастарының мұңына құлақ асқан Сүйіндік ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Гүлберген Сисенова Атыраудағы дәріханасының филиалын өзі туып-өскен ауылында ашу керек деп ұйғарыпты. Мұндай батыл шешімге келген кәсіпкерге ауылдастары дән риза.
Жаңа дәріхананың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, округ әкімі Данияр Сабиров сөйлеп, қатысушыларды жақындап қалған Жаңа жылмен құттықтады. Ауылдағы пошта бөлімшесі ғимаратының бір жағынан ашылған дәріхана қызметі халық көңілінен шыға берсін, ауылын қамқорлап жатырған кәсіпкердің ісі алға бассын деген ақ тілектерін жеткізді. Дәріхана алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев пен зейнеткер, еңбек ардагері Қадыр Ғабдуллин қиды. «Сабақты ине сәтімен», деп, жаңа дәріхана еліміз Тәуелсіздік алған 31 жылда Азғыр өңірінде алғаш рет ашылып тұр. Жол қиындығынан ауылдастарының дені сау болғанын жоғары қоятын, жүрегі елім деп соғатын осындай кәсіпкерлеріміз көбейе берсін!
Қанат ҒҰМАРОВ