С.Имашев мектебінде қайраткер атындағы сынып ашылды

(0 Votes)

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Имашев 1925 жылдың 20 наурызында Гурьев облысы Теңіз ауданы Бірлік селосында дүниеге келген. 1943-1946 жылдары Қызыл әскер қатарында болды. 1944 жылы Рига әскери училищесін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан офицер.

1949 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарның кандидаты. VІІІ, Х шақырылған КСРО Жоғары Кеңесінің, VІ-Х  шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Ленин», «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту»,  «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Саттар Нұрмашұлы 1961-1965 жылдары Тың өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметінде болды. Саттар Нұрмашұлы өзіне тапсырылған қанлайма жұмысты да жоғары жауапкершілікпен атқарып, бедел биігінен, абырой асқарынан көрінді. Ол қарапайым мектеп мұғалімінен республика жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы, қазіргі ұғымда мемлекеттік басқару билігінің иесі дәрежесіне дейін көтерілген көрнекті қайраткер.
Бір сөзбен айтқанда, ол қазақ елінің өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі әдебиет, мәдениет, өнер салаларының дамып, алға басуына қосқан үлесі, өзіндік қолтаңбасы, жалпы идеологияға қатысты ұшы-қиырсыз іс-шараларды ұршықтай үйіріп іске асырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.  Өзінің өнегелі өмір жолымен, ғибратты ғұмырымен, адами үлгісімен, асқақ азаматтық келбетімен елінің есінде сақталған, жұртының жадында жатталған дара тұлғаны ұмытпай, ұлықтап отыру – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.

Осыған орай алдымен туған жері Бірлік ауылдық округіне қарасты С.Имашев атындағы жалпы орта мектепте «Елге еңбегі сіңген ер тұлға» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Оған қонақ ретінде сонау Америкадан Саттар Нұрмашұлының қызы Имашева Элеонора, мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев және туыстары қатысты. Алдымен мектеп директоры Ұштап Габдуллаева құттықтау сөз сөйлеп, Элеонора Саттарқызына алғыс  хатын табыстап, кәжекей кигізді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев ұлықталып жатқан тұлғаның ерен еңбегіне тоқталып, оның 100 жыл толуына орай республика көлемінде өткізіліп жатқан шараларды айтып өтіп, келген қонақтармен таныстырды. Мектептің акт залына жиналған көрермендер  «Елге еңбегі сіңген ер тұлға» атты бұрышпен танысып, Саттар Нұрмашұлының тұтынған заттарын тамашалады. Одан әрі мектептің үшінші қабатында орналасқан қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Саттар Имашев атындағы сыныппен танысты. Салтанатты лента қию рәсімін қызы Элеонора Имашева мен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Тілекші Жағыпарова жасады. Кабинетте тұлғаның өмір жолы, портреті, мектептің арнайы туы ілінген. Ұстаздар үш тілде оның өмірі және еңбек жолымен таныстырды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT