Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Қиғаш ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Халық қалаулысы заң шығарушы органның қызметінен хабардар етіп, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, аймақта жүзеге асырылып жатқан игі істерді қаперледі. Зейнеткер Сираж Нағимов Азғыр және ауданымыздың мәселесін жоғары жақта батыл қозғап, шешімін табуға септесіп жүрген Сенат депутаты С.Еңсеновке алғысын білдіріп, қабылданған жаңа заңдарға қатысты туындаған сұрақтарын қойды.
Ауыл тұрғыны Амангелді Лұқпанов үйден мектепке қатынайтын балалардың теміржолдан өту қауіпсіздігіне алаңдаушылық танытып, жаз мезгілінде ауыз судан тапшылық көрмеу үшін ауылға мұнара орнатудың қажеттігін жеткізді. Зейнеткер Ниғметолла Билялов 1987 жылы салынған су құбырларының әбден тозығы жеткенін тілге тиек етіп, ауылға жаңадан білім ошағы қашан салынатынын сұрады. Сонымен қатар, Дина Нұрпейісова бекеті де 1969-1970 жылдары қаланғанын, содан бері оның вокзал ғимараты, перрон алаңдары ешқандай жөндеу көрмегенін ескертіп, бекеттің алдына не болмаса ауылдың орталық көшесіне күйші әжеміздің бюсті орнатылса деген көпшіліктің ортақ өтінішін білдірді. Ауыл тұрғыны Жексенбай ӨтеғалиевНұрлан Асқарұлы аймақты басқарған кезінде ауылға келіп, халықтың тілегін орындап «Астрахань-Атырау» пойызына бір вагон қостырғанын, бүгінде оған 5 ауылдық округтен тұрғындар мінетінін алға тартып, алдағы уақытта оған тағы бір вагон қостыруға, немесе екі тәулікте бір рет жүретін пойыздың жүру кестесіне өзгеріс енгізуге ықпал етуді сұрады.
– Жалпы, Құрманғазы, Исатай аудандарының тұрғындарымен кездесуде Атырау қаласынан Д.Нұрпейісова бекетіне арнайы жолаушылар пойызын шығару мәселесі көтеріледі. Оны мен Астанаға барған уақытта Қазақстан теміржол АҚ-ның басшыларын, ҚР Индустрия, инфрақұрылым даму министрінің орынбасары мен осы салаға жауапты комитеттің қызметкерлерін шақырып, жиналыс өткіздім. Теміржолшылар халықтың бұл өтінішіне келісімдерін толықтай беріп отыр. Қанша вагон қажеттігін шығарып, халыққа ыңғайлы уақыт кестесін белгіледі. Қолданыстағы заңға сәйкес аталған шығындарға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс. Атап айтсақ, бір жылға 300 млн. теңге. Мен ойлаймын, мұнайлы өңір үшін бұл көп қаражатемес. Осы бағытта бірнеше рет облыс әкімдігіне хат жаздым. Бірақ бұл мәселе сөзбұйдалыққа салынып, әлі күнге шешімін таппай отыр. Сондықтан, тұрғындардың ортақ тілегін ескере отырып, мен тағы да аймақ басшысымен пікірлесетін боламын, - деген сенатор қуанышты хабарымен бөлісті. Кездесуде Осы округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Мансур Қуанышәлиев диференциалды салық, бөбекжай-балабақшалардағы бүлдіршіндердің бір күндік тамағы, бюджеттік мекемелер есепшілері жалақыларының мардымсыздығына тоқталып,шалғайдағы Азғыр өңіріне қатысты бірқатар түйткілдерді қозғады.
А.Шакупова