Құрылысшы мамандығы – ең ежелгі мамандықтардың бірі.
Өйткені адам баласы жаратылғаннан бері басына баспана тұрғызып, тірлік жасаудың харекетін қылғаны айтпаса да түсінікті. Бар игілігімізге қажетті ғимараттар осы құрышбілек құрылысшылардың қолымен тұрғызылды. Сондықтан да олардың еселі еңбектері қашан да ескерілуге лайық. Жылына бір келетін кәсіби мерекелерінде мұндай құрметтің көрсетілуінің орыны, әрине ерекше. Атаулы күнге орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылып, аудандағы құрылыс нысандарынан бейнесюжеттер, аға буынның ақ тілектері көрермендер назарына ұсынылды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміровке берілді. - Құрылысшы – мәртебелі мамандық. Еліміздің гүлденіп, өркендеуінде құрылыс саласының алатын маңызы зор. Ауданымызда өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемі артып, қарқыны өсу үстінде. Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақкөл ауылында 290 орындық балабақшаның, Қадір ауылындағы 60 пәтерлік үш қабатты үйдің құрылысы таяуда аяқталып, игілігімізге берілмек. Мұның бәрі сіздердей құрышбілек құрылысшылардың қажымай-талмай атқарған жұмыстарыңыздың жемісі, - деп шараға қатысып отырған құрылысшылардың отбасыларына амандық, еліміз бен өңірімізді өркендету жолындағы еңбектеріне табыс тілеп, бірқатарын сахна төріне шығарып ұлықтап өтті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Н.Таубаевтың, облыстық мәслихат хатшысы Ө.Зинуллиннің, аудан әкімі Қ.Нұртаевтың алғыс хаттарын құрылыста қолтаңбасын қалдырған сала ардагерлерін, қазіргі уақытта еселі еңбегімен еленіп жүрген озаттарға табыстады.
Сондай-ақ, кәсіби мерекеге орай өткен спорттық жарыста үстел теннисінен жүлделі орын алған Дәурен Байжанов («Бек и Ко» ЖШС), Аманбек Аруов («Бек и Ко» ЖШС), Ерқанат Сапаров («Бекет Сәт жол» ЖШС), дойбыдан Әлімбай Әбдірахман (аудан әкімідігі), Болат Балатуев («ТрансСервисИнжинеринг») ЖШС, Александр Козулин («Павлодар өзен порты» ЖШС) және кіші аяқдоптан «Павлодар өзен порты» ЖШС, «Бек и Ко» ЖШС, «Декор» ЖШС командаларын диплом, медаль, кубоктармен марапаттады. Құрылыс саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Өтежан Дайынов залда отырған замандас және ізбасар әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Толыбай Қажыгереев, Гүлзада Жұмалиева, Алмазия Жахина, Нұрхат Насихатов, Еркебұлан, Раушан Сәрсенова шараның шырайын келтіріп, ән мен күйден шашу шашты.
А.НӘЖІМОВ